Америкалық жастардың көпшілігі колледжде білім алу үшін мемлекеттен несие алады да, колледжді бітіргеннен кейін бірнеше жыл көлемінде (жұмыс істеп жүріп) оны өтеуге міндеттеледі. Қазіргі таңда АҚШ азаматтарының көбісі банкроттық туралы арыз жазған күннің өзінде өздерінің студенттік қарызды өтеуге мәжбүр (қаржылық жағдайының тым мүшкіл екенін дәлелдей алмаса). Федералдық заңға сай, қарыз алушылар басында "толыққанды өмір сүруге келмейтін" қиындықтары бар екенін көрсету керек, - деп хабарлайды CNN ақпарат агенттігі.
Білім беру департаменті осы талапты қарастырып, қоғамның осы мәселеге қатысты пікірін білуге тырысып жатыр.
Департамент бұл заңды өзгерте алмайды. Оны Конгресс өзгерте алады. Бірақ департамент бұл "қиындықтарға" не жататынын анықтай алады. Әдетте сот қарыз алған адамнан "толыққанды өмір сүруге келмейтін" қиындықтары біраз уақытқа созылып кеткенін немесе оның расымен жағдайын жөндеуге тырысқанын, шынымен банкроттық жағдайда екенін дәлелдеуді талап етеді.
Заңгерлер "соттың "қиындықтарға" қатысты талаптары тым қатаң" деген ойда. Тұтынушылар қоғамдастығының заңгері Джон Рао (John Rao): Себебі халықтың басым көпшілігі шын мәнінде студенттік қарызын төлеуден босау мүмкіндігіне ие бола отырып, соттың шешімін өз бетінше болжағандықтан, шағымдануға тырыспайды да. Ал банкроттық туралы арызданғандар бір уақытта ай сайын қарыздарын өтеп отыруға шамасы келмей, сотқа жүгінуге де қаражаты болмауы мүмкін, - дейді.
Қарыз алған адам студенттік қарызын өтеуді 9 ай және одан ұзақ мерзімге созған болса, ол келісім шарттарын бұзған болып саналады. Қазір елде 4 млн-нан астам студенттік қарыз өтелмеген.
Бұл мәселеге қатысты қоғамның ой-пікірі үкіметке онлайн немесе поштамен мамырдың 22-не дейін жіберілу керек.