Бахрейн соты саяси белсенді Набел Раджапты (Nabeel Rajab) ғаламтордағы коммент үшін 5 жылға түрмеге жіберді, - деп хабарлайды Al Jazeera ақпарат агенттігі.
Ол ғаламторға қалдырған комментінде Йемендегі соғысқа байланысты Сауд Арабиясын сынға алып, елдегі түрмелерді бақылау жүйесіне көңілі толмайтындығын білдірген.
Адам құқықтары жөніндегі Бахрейн орталығы Раджаптың қылмыс кодексінде көрсетілгендей, "соғыс кезінде жалған қауесет таратқаны", "басқа елді сыйламағаны" және "жарғылық органды құрметтемегені" үшін айыпталғанын мәлімдеді.
Адам құқықтары жөніндегі Халықаралық федерация президенті Димитрия Христополус (Dimitris Christopoulous) сәрсенбі күні: "Набиэль Раджап ешқандай қылмыскер емес, ол белгілі құқық қорғаушы және саяси белсенді. Оның осындай себеппен айыпталуы азаматтық қоғамның еркін өмір сүруіне жолды жауып, Бахрейндегі халықтың еркін шеруге шығуына кедергі келтіреді", - деді.
Ол өзінің ұйымы атынан Бахрейн үкіметінен "Раджапты және қамаудағы басқа да белсенділерді тез арада түрмеден шығаруды" талап етті.
Адамды қинауға қарсы халықаралық ұйым да соттың шешімін "әділеттілікті таптау" деп бағалады. Ұйымның баспасөз хатшысы Джеральд Стаброк (Gerald Staberock): "Саяси белсенділердің соңына осылай мемлекеттің түсуі Бахрейн халқының аузына қақпақ болуға тырысу әрекеті. Бұл аяқталу керек", - деді.
2016 жылдың маусымынан бастап Раджап денсаулық жағдайына қарамастан, "жалғыз" камераға орналастырылған.
Адам құқықтары жөніндегі ұйым Раджаптың сот отырысы 20 рет кейінге шегерілгенін және үкімет заңгерлерге өз қорғалушысын қорғауға мүмкіндік бермей, сот процедураларын бұзғанын жазды.
Раджап елдегі шииттер (сүнниттерге қарағанда көп) мен сүннит үкімет басқаратын арал арасындағы бөлініске қарсы болған. Сол көзқарасын ашық білдіргені үшін оны 2012, 2014 жылдары екі рет түрмеге қамалды. 2016 жылдың шілдесінен бері ол үшінші рет түрмеде отыр.
2011 жылдан бастап ел аумағында шииттерге қарсы наразылық (шииттер оппозициясын көбісі Теһран үгіт-насихатының нәтижесі деп ойлайды) шерулері көбейіп кетті. Оған билік басында 2 ғасыр отырған Аль-Халифа отбасы атынан Сауд Арабиясы араласуды жөн көрді.
Ереуілшілер премьер-министр сайлап, "нағыз" конституциялық монархия құратындай реформа қабылдауды талап етуде.
Ал Сауд Арабия аймақтағы бәсекелесі Иранды "шиит қоғамын Бахрейннің сүннит басшыларына қарсы қойды" деп кінәлауда.
Парсы шығанағындағы сүннит басқарушы елдері (бірінші кезекте: Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар және Біріккен Араб әмірліктері) "шиит-ирандық" қауіптен сескенеді. Саддам Хусейннің көпжылдық сүннит режимінен кейін 2003 жылы Иракқа батыстың араласуы көмегімен билік басына шииттер келгенін ескерсек, "мұсылман-бауырлар" (сүнниттер) басқаратын Иордания және Мысыр сияқты елдер де бұл қауіптің шындыққа айналуынан қорқады.