Әлемдік ықпалды ақпарат құралдарының онлайн парақшаларын ақтарып отырып, аңызға көбірек ұқсайтын осы бір ақпаратты кездестірдік. Аңызға айналған «әлем баукеспелеріннің атасы» делінетін франциялық Вильямнан кейін Интерпол мен АҚШ сотын жерге қаратып кеткен осы бір адамның артында қандай құпия тұр, оны ешкім тап басып тауып айта алмайды.
Адамзат қоғамы күрделіленіп, дамыған сайын қылмыс түрлері де көбейіп келеді. Сірескен ереже-талаптардан айналып өтіп, дамыған технологияны да алжастырып кететін небір қылмыс майталмандарының істерін естіп біліп жатамыз. Жақында BBC тілшілерінің бірі Брижит Шеффер ханым әлемге әйгілі алдамшылық ісінің бас кейіпкері Сиссоко туралы мәліметті жайып салып, әлем ақпарат кеңістігін дүр сілкіндірді. BBC-дің бірнеше тілдегі онлайн қызметі таратты. Әрине, бұны қазақ тілді аудиторияға жеткізудегі мақсатымыз алдамшылық пен қылмысты дәріптеу емес, керісінше былыққа батқан жүйелер мен жемқорлықтың қылмысқа жол ашқанын аңдату.
«Қасиетті сиқыршының» автокөлік кредитін алуы
Бұл оқиға 1995 жылы тамыз айында болған еді. Гүлденіп келе жатқан Дубай қаласына орналасқан «Ислам Банкінің» кеңсесіне Фоутанга Бабани Сиссоко есімді ер адам кіріп, автокөлік сатып алу үшін қарыз сұрайды. Сонымен әлемдегі ең ірі алдамшылық – құрғақ сөз арқылы адамдарды иландырудың шебер ойыны осылай қарапайым ғана басталады. Банк Сиссокоға қарыз беруге келісім береді. Бұған ризашылық білдірген Сиссоко өзіне қызмет көрсеткен Мохаммед Аюбді кешкі қонағасы дастарханына ілтипат етіп, үйіне қонаққа шақырады. Кешкі ас үстінде Сиссоко өзінің магиялық ерекше қасиетінің бар екенін айтып, Мохаммад Аюбді таң қалдырады. Ол Аюбді кез-келген сомадағы ақшаны екі есе көбейте алатынын айтып сендіреді. Тіпті, Мохаммад Аюб келесі жолы үйіне мол ақшамен келетін болса оған бұл өнерін көрсетуге уәде беріп аттандырады.
Мохаммад Аюб - ислам дінін ұстанатын мұсылман. Мұсылманшылықта қара магия, яғни сиқыршылық ең ауыр күнәнің бірі ретінде қарастырылады әрі мұсылмандардың басым көбі оған сене бермейді. Бірақ Мохаммад Малидың шалғай бір ауылынан келген Сиссокоға сеніп қалады. Ол Сиссоконың үйіне екінші рет мол ақшамен қонаққа келгенде, Сиссоко бөлмесінен атқан оқтай ұшып шығып, асығып, абдыраған бейнеде Аюбдинге: «Қазір ғана маған жындар шабуыл жасады. Жындардың ашуына тимес үшін ешқандай әрекет жасама», – деп ескертеді. Мохаммед Аюб ақшаны бөлмеге қалдырады. Оның айтуынша, ол бөлмеден түсті жарықтарды көрген, түтін және арабша сөйлеген дауыстар шыққан. Кейін бөлме іші жым-жырт болып қалған. Қайта кірген кезде алып келген ақшасының екі есеге көбейгенін көрген.
Бұл істі тексеруге қатысқан (Дубайдағы аталған банк оны істі анықтауға арнайы жалдап алған) майамилік заңгер Алан Файн : «Бұл істен кейін Мохаммад қара магияның күшіне және Сиссоконың ақшаны екі есеге көбейте алатынына шүбәсіз сеніп қалған. Тіпті сенгені соншалық, ол Сиссокоға банк арқылы ақша жөнелтсе оны да екі есе етіп қайтарады деп ойлаған», – дейді.
Алан Файнның берген мәліметіне қарағанда 1995-1998 жылдар аралығында Аюб 183 рет Сиссоконың атымен ашылған бірнеше банк есепшотына ақша аударған. Сондықтан да банк тарабы Сиссоконың атында үлкен көлемдегі несие картасын да бітіріп береді. Бұл есепшоттарда миллиондаған доллар ақша айналып жатады. Сол кездері Дубайдағы Ислам банктің қауіпті проблемаға тап болғаны туралы хабарлар тарап жатқан. Бұл хабарды естіген тұтынушылар банктен ақшаларын шығарып алуды да талап етіп талай жиналған. Бірақ, Эмират билігі банк дағдарысының мөлшерін кішірейтіп көрсетуге тырысқан. Әрі болып жатқан істерді «уақыттық қиыншылықтар, ешқандай қаржы тапшылығы болып жатқан жоқ және инвесторлар мен өзге тұтынушылардың ақшаларына қауіп төніп тұрған жоқ» деп жауап беріп отырған. Бірақ бұл айтылғандар шындықтан алыс еді.
Файнның айтуынша: «Бұл Ислам банкті әлем алдында күлкіге қалдыратын жағдай еді. Сол уақытта банк тек биліктің көмегімен ғана сақтап қалуға болады. Бірақ жоғалған қаржы көлемі тым көп еді», – дейді.
Бұл кезде «қасиетті сиқыршы» Фоутанга Бабани Сиссоко қайда жүрді?
Ол бұл кезде құрлық аттап кеткен еді. Сиссоко 1995 жылдың қараша айында Мохаммад Аюбқа өзінің «қасиетті сиқыршылық» өнерін көрсеткеннен кейін Нью-Йорктен бірақ шыққан. Ол «Ситибанк» кеңсесінің біріне бас сұғып, ондағы қызметкер қыздардың бірімен танысады және оған үйленеді. Бұдан кейін оған Ситибанктен есеп ашу қиын болмайтыны анық. Ол бұл банктен де өз атында бірнеше есеп ашады. Бұл есепшоттарға 100 млн доллар көлемінде ақша аударылған.
Кейін Дубайдағы Ислам банк Ситибанктің үстінен сотқа арыз береді. Ислам банктің берген есебіне қарағанда Ситибанкке 151 млн АҚШ доллары аударылған және оның бәрі ешқандай рұқсатсыз жасалған. Бірақ көп өтпей дубайлық банк Ситибанк үстінен берген арызын қайтарып алады және ешқандай шағымым жоқ деп шығады.
Сиссоко өзіне көмектескен жұбайына жарты миллион долларға жуық ақша берген. Шын мәнісінде, ол екеуінің арасындағы неке қатынасы да түсініксіз. Сиссоконың өзге де некелі әйелдерінің бар екенін оның Ситибанктегі әйелі де біледі екен. Оның әйелдерінің біреуі Африкада, біреуі Майамиде, біреуі Нью-Йоркте.
Армандарын жүзеге асырғысы келген қалталы
Сонымен Дубайдағы банктен түскен ақшалармен Сиссоко армандарын жүзеге асыра бастайды. Батыс Африкада жеке авиакомпания ашады. Hawker Siddeley 125 және бірнеше ескі Boeing 727 ұшақтарын сатып алған. Көп өтпей ол компанияға өзінің Малидегі туып-өскен ауылдың атын береді. Бәрі де жоспар бойынша дамып келе жатқан. Алайда, 1996 жылы маусымда Сиссоко өрескел қателік жіберіп алады. Ол Вьетнам соғысында істетілген Bell UH-1 Iroquois атты екі тікұшақ сатып алмақшы болады. Қазірге дейін оған не үшін соғыс тікұшағы керек болғаны түсініксіз. Өзінің сол кездегі түсінік берген сөзінде бұл ұшақтарды жедел жәрдем ретінде қолданам десе керек. Бірақ бұл тікұшақтардың көлемі тым үлкен және оларды жедел жәрдем үшін пайдалану мүмкін де емес. Бұл соғыс ұшақтарын сатып алу үшін арнайы рұқсат керек болған. Бұл істі тез арада бітіру үшін Сиссоко салық қызметкеріне 30 мың доллар көлемінде пара береді және сол әрекеті барысында ұсталып қалады. Оны тұтқындауға Интерпол арнайы бұйрық береді. Сиссоко Женевадан тағы бір банк есепшотын ашып жатқан жерінен тұтқындалады.
«Қайырымды алаяқ», «ақшаны уыстап шашқан миллионер» және алғашқы сот
Оның ақтаушы адвокаты Том Спенсер онымен алғаш рет Женевадағы түрмеде жолығады. Ол сол кезді еске алғанда: «Менен түрме қарауылының бірі Сиссоконы қашан АҚШ-қа экстрадициялайды деп сұрап қалды. Мен қазірге ешнәрсені анық айта алмайтынымды білдірдім. Ол менен мүмкін болса бұл істі кешеуілдете тұруымды сұрады. Мен одан себебін сұрап едім, «Өйткені ол бізге күнде Парижден дәмді тағамдар алдырып тұрады» деді», – дейді Том Спенсер.
Сиссоко тез арада АҚШ-қа экстрадицияланған. Бірақ ол кезде ол тек тікұшақ ісімен ұсталған да банктегі істері туралы ешкім ештеңе білмейтін еді. Ол өзін қорғау үшін көптеген ықпалды адамдарды да тартқан. Сиссоконың ісі қаралып жатқанда америкалық беделді дипломаттардың да ол үшін куәлік беруге дайын екенін білдіргені судьяны да қатты таңқалдырса керек. Тіпті оған кепіл болуға АҚШ-тың бұрынғы сенаторы Берч Бей де дайын екенін айтқан. АҚШ үшін ешқандай да маңызы жоқ осы бір шетелдік үшін Құрама Штат лауазымдыларының кеуде керіп алға шығуының себебі бүгінге дейін түсініксіз.
Десе де, АҚШ үкіметі оны қамауға алуға бекем тұрған. Соңында оны 20 млн доллар кепіл сомамен босатқан. Ал бұл сома Флоридадағы сот үшін рекордтық көрсеткіш еді. Сиссоко түрмеден әрең шықсада ақша жасау әрекетін жалғастыра түседі. Өзін ақтап шыққан адвокаттарға «Мерседес» және «Ягуар» автокөліктерін сыйға тартқан. Бірақ бұл көліктердің құны оның жұмсаған ақшаларының жанында ештеңе емес еді. Айталық бір сәндік бұйымдар дүкеніне бір бас сұққанда 500 мың АҚШ долларын тастап жүре берген екен. Ал, автокөлік салонына бір кіргенде екі, үш немесе төрт көлікті бір жолда сатып алған және бір апта өтпей жатып тағы сол автосалонға бас сұғып жаңа көлік сатып алатын болған. Аланның есебінше, Сиссокода 30-35 қымбат автокөлік болған.
Ақшаны суша шашатын Сиссоконың әр бейсенбі сайын қаланы аралап, баспанасыз қайыршыларға уыстап-уыстап ақша тарататынын оның тағы бір ақтаушы адвокаты профессор Смит мырза айтады. «Miami Herald» басылымының есебіне қарағанда Сиссоко 10 айдың ішінде қайыршылардың өзіне 14 млн АҚШ долларын таратқан екен. Профессор Смит мырза сөзінде: «Сиссоко қазіргі заманның Робин Гуды ма? Не үшін кедейлерге ақша таратады», – деп ойладым дейді.
Қыруар ақша жұмсап, дарынды адвокаттарды жалдағанымен соттың айыптауы алдында Фоутанга Бабани Сиссоко өз айыбын мойындайды. Мүмкін ол өзінің байлығының қайдан келгенін жасыру үшін осы талғамы көмектеседі деп ойласа керек. Оны 43 күнге абақтыға жауып, 250 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салады. Әрине бұл айыппұл оның Дубайдағы Ислам банктен алған ақшасымен өтелді. Ол белгіленген мерзімнің жарымын ғана абақтыда өткізіп шыққан. Өйткені ол баспанасы жоқтарға арнайы баспана құру ісіне 1 млн доллар қаржымен қайырымдылық жасаған. Қалған қамақ күндерін Малидегі үй қамағында өткізетін болады.
«Аңыздың ақыры»
Сиссоко осыдан кейін еліне қаһарман ретінде қайтып оралды. Мөлшері осы уақытта Дубайдағы Ислам банкінің аудиторлары істің жай-жапсарын байқап қалады. Ал Аюб осы кезде алаңдап Сиссокоға қоңырау шалады, бірақ оның телефоны сөндірулі болады. Сонымен Мохаммад Аюб банктегі қызметтестерінің біріне істің анық-қанығын айтуға мәжбүр болады. Анығын айтқанда ол Ислам банктен шығарған қаржылардың көлемін ауызбен айтуға дәті бармай қағазға жазып берген. Оның жазған сомасы 890 млн дирхан, яғни, 242 млн АҚШ доллары еді. Тіпті де ашалай айтатын болсақ, бұл «сиқыр арқылы екі есе көбейтіліп жатқан» ақшаның сомасы еді. Аюбты алдамшылық айыбымен үш жылға бас бостандығынан айырады. Сиссоконы Дубай соты сырттай үш жылға соттайды. Интерпол халықаралық қуғындау бұйрығын түсірген. Бірақ Сиссоко әлі күнге дейін іздеуде жүр.
2002 жылдан 2014 жылға дейін Сиссоко Мали парламентінің мүшесі болып тұрған. Қазір ол Мали парламентінен кеткен болса да, ел билігі оны қорғап келеді. Қылмыскерлерді өткеріп беру бойынша Мали бірде бір елмен келісім жасаспаған екен. Дубайдағы Ислам банк күні бүгінге дейін Сиссоконы жауапқа тартуға тырысуда.
Сиссоконы іздеп барған журналистің көрген-білгені
Бриджит Шеффер ханым:
– Менің Малидың орталық қаласы Бамакоға барудағы мақсатым Сиссоконы білетін адамдарды іздеп табу еді. Оны жақсы білетін бірқатар адамдармен кездестім. Олар Сиссиконың туған ауылынан өзін де тауып алуың мүмкін деді. Даби деген шалғай бір ауыл екен. Көлікпен неше сағат жүріп ол ауылға да бардым. Құралды күзетшілер көптеп топтасқан Сиссоконың да үйін оп-оңай тауып алдым. Қазір оның жасы 70-ке таяп қалған екен. Бірақ, сұхбат беруге де келісті.
Аз-кем әңгімеден кейін мен одан Дубайдағы Ислам банктен жоғалған 242 млн АҚШ доллар туралы сұрадым. Ол:
– Ханым, 242 млн доллар жөнінде айтар болсам, бұл бұрмаланған оқиға. Банкир мырзалар бұл ақшадан қайтып айырылып қалғанын түсіндіріп беруі керек. 242 млн доллар! Ойлаңызшы, бұл ақшалар бір ғана осындай жолменен қайтып шығып кетсін?! Мәселе осында. Бұл істе ақша аударуға рұқсат берген бір ғана кісі (Аюб) туралы емес, көптеген адамдар туралы сөз болуға тиіс. Банкте ақша аудару ісін жасаған да бір ғана кісі жауап бермейді, бірнеше адам жауап береді, – деді.
Мен одан «магиялық күш» арқылы адамдарға әсер ету ісі туралы да сұрадым.
– Ханым, егер де адамның осындай қасиеті болса, оған бұндай істерді істеп не керегі бар? Егер сіз осындай қасиетке ие болсаңыз, осы жерден шықпай-ақ бүкіл әлемнің банктерін тонап келмейсіз бе? – деді Сиссоко.
Интерполдан 20 жылдан бері бой тасалап келген Сиссоко қазір Малиден аттап шыға алмайды. Бірақ ол қара магияның күшімен Ислам банкті тақырға отырғызып кеткені үшін бір күн де түрмеге қамалған жоқ.
Брижит Шеффер ханым сөзін осылай тамамдапты. Сиссоконың сөзінен Ислам банктен аударылған ақшаға қатысты адамның Мохаммад Аюб ғана емес екенін аңғаруға болады. Ақшаны еселеп көбейтуге қызығатын адамдар баршылық, десе де Сиссоко банкирлер мен Эмират билігінің арасындағы кемшілікті мықтап пайдаланып кеткені анық. Қалай десек те, жаратушының соты қалай болатынын кім білсін, Сиссоко адамның сотынан жалтарып кетіпті.