Түркия АҚШ-қа Сүрия аумағында бірлескен әскери контингент құруды ұсынды – деп хабарлайды ВВС ақпарат қызметі.
Агенттік мәліметінше, ақпан айының 15-і күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкара қаласында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонды қабылдаған. Онда қос тарап Сүрия мәселесі мен өзара әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізген. Келіссөздерден кейін Түркия Сыртқы істер министрі Мавлют Чавушоғлы журналистер алдында мәлімдеме жасаған. Онда ол: «Түркия АҚШ-қа Манбидж қаласынан күрд жасақтарын шығарып, Сүрияның солтүстік аудандарына бірлескен әскери контингент кіргізуді ұсынды. Біз үшін аймақ қауіпсіздігін кімнің қамтамасыз ететіні өте маңызды» - деген. Ал өз кезегінде Рекс Тиллерсон: «Біз Түркияның өз шекарасын қорғауы дұрыс деп есептейміз. Біз бұған дейін Түркияға Манбидж қаласынан күрд жасақтарын шығарамыз деп уәде бергенбіз. Бірақ ол уәдемізді орындаған жоқпыз. Алдағы уақытта біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз» - деп мәлімдеген.
Естеріңізге салайық, 20 қаңтар күні Түркия Сүрияның Африн аумағына әскер кіргізіп, «Зәйтүн бұтағы» операциясын бастаған болатын. Ресми Анкараның бұндай қадамдарға баруына АҚШ-тың «Сүрия аумағында шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы жасақ құрамыз» - деген мәлімдемесі себеп болған.