АҚШ басылымдарының хабарлауынша, өткен жылы Парижде өткен әскери парадтан Құрама Штат президенті Дональд Трамп қатты әсерленген. Осыған дейін Уашингтонда әскери парад қандай да бір әскери жанжалдардың аяқталуына орай өткізіліп келеді. Алдағы уақытта президент Трамп қарулы күштерге құрмет ретінде әскери парад өткізуді ойлап отыр. Бұл туралы Washington Post басылымы алғаш рет жазды. Кейін WSJ және BBC-дің ресми сайты хабарлады.

АҚШ басылымдарының хабарына қарағанда, Пентагон тарабы қазіргі кезде парадты ұйымдастырудың дайындығы туралы ақылдасуда. Дегенмен, Ақ үй ішінде бұл мәселе тек талқы деңгейінде ғана қалып отыр. АҚШ Демократтар партиясы парад өткізудің артық әрі қымбат шығынды алып келетінін алға тартып, әскери шерудің өткізілуіне наразылық та білдірді. Демократтарды алаңдатқан әскери шерудің шығыны ғана емес, оның символдық мәні де үрейлендіріп отыр.

АҚШ Конгресс өкілдерінің бірі Жим Макговерн өзінің Twitter парақшасына: «Трамп мырза өзін президент ретінде емес, диктатор қатарында көрсетуге тырысуда. Америкалықтар мұндай үлкен менмендіктен алаңдауда», – деп жазды.

Конгресс өкілдердің бірі Жекий Спейер CNN арнасына берген сұхбатында: «Трамптың бұл ойы мені қатты таңғалдырды. Біздің өзіміздің Наполеонымыз пайда болып келеді», – деді.

Жұртқа мәлім болғанындай, әскери шеру демократиялық батыс елдерінде тым сирек өткізіледі. Әсіресе америкалықтар әскери парад десе Солтүстік Кореяны елестетеді. АҚШ-тың әскери саладағы қызметкерлері де парад туралы мүлде жағымсыз әсерде екенін айтады. Генерал-лейтенант Марк Херлинң (Harling) CNN-ге: «Әскери қызметкерлер ең жоғары қолбасшының барлық тапсырмасын орындайды. Бірақ, бұл ойлағаны біздің армияға сай келмейтін идея. Ол және қарулы күштердің міндеті де емес, күш-қуаттымызбен мақтанудың керегі де жоқ», – деген пікірін айтты.

Құрама Штаттың орталық қаласы Уашингтонда ең соңғы әскери парад 1991 жылы болған. Бұл әскери парад Шығанақ соғысының аяқталып, Кувейттің босатылуына арналған болатын.

“The Qazaq Times”