Түркия Сүрия аумағындағы әскери операциясын тоқтатуы тиіс – деп мәлімдеді Иран президенті Хасан Рухани.

Теһеранда өткен баспасөз мәслихатында Хасан Рухани Сүрияның Африн аумағындағы соғыс жөнінде сөз сөйлеген. Онда ол: «Африндегі әскери операция тоқтатылуы тиіс. Себебі Түркия тарапынан да, оған қарсы тараптан да адам шығыны өте көп. Бұл соғыс ешқандай нәтиже бермейді. Бұл біздің позициямыз және біздің кеңесіміз. Біз АҚШ-ты қалай сынасақ, оларды да солай сынаймыз. Бұның барлығы Сүрияны құлату мақсатында жасалып жатқан жұмыстар. Қандай да бір елдің аумағына әскер кіргізу үшін сол елдің халқы мен билігінен рұқсат сұрау керек» - деген.

Естеріңізге салайық, 20 қаңтар күні Түркия Сүрияның Африн аумағына әскерін кіргізген болатын. Ресми Анкараның бұндай қадамдарға баруына АҚШ-тың «Біз Сүрия аумағында шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы жасақ құрамыз» - деген мәлімдемесі себеп болған.

“The Qazaq Times”