АҚШ-тың Қазына департаменті бір күн бұрын, Лаостағы қылмыстық желіге санкция салғанын жариялады. Бұл ұйымдасқан қылмыстық топ адам саудасы, есірткі саудалау және бағалы жануарларды казино арқылы сатумен айналысады деп айыпталған. Бұл туралы «WSJ» басылымы хабарлады.
АҚШ Қазына департаменті берген мәліметке қарағанда, трансұлттық қылмыстық ұйым Жау Уей (Zhao Wei) деп аталады. Олардың айналысатын қылмыстық әрекеттері өте көп, айталық сыбайлас жемқорлық, адам саудасы, ақша жылыстату, есірткі және бағалы аңдарды заңсыз саудалау әрекеттерін «Алтын үшбұрыш» экономикалық аймақтарына (Оңтүстік Шығыс Азиядағы экономика ерекше аймақ Лаос, Тайланд және Мьянма елдерін қамтиды) орналасқан казино арқылы жүзеге асырып, экономикалық аймақты тонап келген.
Қылмыстық ұйымның әрекеттері тек бұлармен шектелмейді. Бұл аталғандардан тыс, балаларды жезөкшелікпен айналысуға тәрбиелейді, жезөкшелерді өткермелеп сатады. Бұдан сырт Мьянмадағы Біріккен Уа мемлекеттік армиясы (United Wa State Army) қатарлы күштермен бірлесіп есірткі өткермелеп сатады.
Дүниежүзілік казино каталогындағы (World Casino Directory) мәліметке қарағанда, аталған қылмыстық ұйымның пайдаланатын казиносы «Kings Romans Casino» деп аталады. Лаостағы Меконг өзенінің жағасында орналасқан, ресми сайт немесе медиа байланыс ақпараты жоқ, тек YouTube-та ғана бейне түсініктемелері таратылған. Бірақ әлемдік басылымдар соңғы бірнеше жылдан бері бұл казиноның ерекше экономикалық аймақтағы ықпалы туралы көптеген мақалалар жариялаған.
АҚШ Қазына департаменті бұл қылмыс жүйесін тізгіндеу үшін, 4 жеке адам мен 3 ұйымды санкция тізіміне енгізді. Қара тізімге кіргізілген бұл ұйымдар мен жекелердің Құрама Штаттағы активтері мұздатылды және америкалықтардың олармен бизнес жасауына тыйым салынды.