2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,78 трлн теңгені құрады. Сөйтіп 2017 жылдың басынан бері 1,1 трлн теңгеге артты. Яғни, бір жыл ішіндегі өсім 16,4 пайызды құрады. Бұл туралы БЖЗҚ-ның баспасөз конференциясында мәлім болды.
2018 жылдың 1 қаңтарына қарай шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,12 млн бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,64 млн бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) есепке алу бойынша салымшылардың (алушылардың) ЖЗШ саны 443 мың бірлікті, ал ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу (ЕЗЖ) бойынша - 39 мың бірлікті құрады.
2017 жылы зейнетақы жарналары бойынша түсімдердің жалпы сомасы 756,5 млрд теңге болды. Зейнетақы жарналарының жалпы түсімі бір жыл ішінде 8,3 пайызға өскен. 2016 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 698,42 млрд теңгені құраған болатын. Міндетті зейнетақы жарналары бойынша жарналардың орташа мөлшері 15 078 теңгені құрады.
2017 жылы БЖЗҚ салымшылары мен алушыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 550,6 млрд теңге болды.Қордың зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 пайызды құрады. Бұл кезеңде инфляция деңгейі 7,1 пайыз болғанын еске саламыз.
2017 жылдың қаңтар – желтоқсан айлары аралығында БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 211,12 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 26,06 млрд теңге болды. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде Қордан 169,69 млрд теңге төленсе, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 22,69 млрд теңгені құраған. 2017 жылы орта есеппен 1 адамға берілген зейнетақы төлемдерінің сомасы шамамен 576,5 мың теңгеге жетті.