2017 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына проблемалы эмитенттерден 1 млрд 249 млн теңге сомадағы қарыз қайтарылды. Осылайша қазіргі кезде қордың проблемалы активтері 37 млрд теңгеге дейін төмендеген. Бұл туралы бүгін БЖЗҚ баспасөз конференциясында мәлім болды. 

"Бізде 19 проблемалы эмитент бар. Олардың қорға жалпы берешек сомасы 37 млрд теңгеге тең.  Жүргізілген жұмыстардың арқасында олардың қарызы азайып келеді. Біз жұмысты тоқтатпаймыз. Көптеген компаниялар "құйтұрқылыққа" салынып, банкрот болғысы келеді де, біздің соттасуымызға тура келіп жатады. Біз қор тарапынан банкрот болуға ұшыратпаудың шараларын жасап жатырмыз", - деді "БЖЗҚ" АҚ жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Қадыржан Забих.

Бұдан бөлек, баспасөз конференциясында қор төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева біраз салымшылар зейнетақыларын сақтандыру компанияларында рәсімдегенін айтты.

"2017 жылы 26,06 млрд теңге сақтандыру компанияларына аударылды. Салымшылар зейнетақы аннуитетін сақтандыру компанияларынан рәсімдеуді жөн көрген. Олардың саны 2017 жылы  2784 адам болды", - деді Егеубаева.

Мұндағы зейнетақы аннуитеті дегеніміз - БЖЗҚ-дағы жинағы жеткілікті болған жағдайда, тағайындалған зейнетақы жасына қарамастан өзінің зейнетақысын алуға мүмкіндік алу үшін сақтандыру компаниясымен жасалатын келісім. Дегенмен сақтандыру компанияларының талабы бойынша егер әйел адам 50 жаста зейнетке шыққысы келсе, оның 9,7 млн теңге шамасында жинағы болу керек. Ал ер адам 55 жасында зейнетке шығу үшін шотында 6,9 млн теңге болу қажет. Бұл 2017 жылдың басындағы статистика. Биыл бұл көрсеткіш өзгеруі де ғажап емес.

“The Qazaq Times”