Қазақстан 2018-2022 жылдары діни экстремизм және терроризммен күресу үшін 286 млрд 981,6 млн теңге жұмсауды жоспарлап отыр.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті діни экстремизм мен терроризмге қарсы Қазақстанның 2018-2022 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын дайындады. Іс-шара жоспары "Ашық нормативтік құқықтық актілер" порталында жарияланған және 2018 жылдың 6 ақпанына дейін талқылауда болады.
"2018-2022 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық, жергілікті бюджет қаржысы және Қазақстан Республикасында заңды түрде тыйым салынбаған қаражат жұмсалады. Бағдарламаны жүзеге асыруда бюджеттен кететін шығын 286 млрд 981,6 млн теңгені құрайды (республикалық бюджет шығыны - 226 млрд 294 млн теңге, жергілікті бюджет шығыны - 60 млрд 687 млн теңге). Бұдан бөлек, республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландыру осы кезеңдерде нақтыланған бюджет есебіне сәйкес болады", - делінген құжатта.
Бағдарлама аясында радикалды идеологияға қарсы жағдайды қалыптастыру және сотталғандарды дерадикалдандыру, интернетке, әлеуметтік желілерге, бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу, түрлі дөңгелек үстелдер, семинарлар, зерттеулер жүргізу жоспарланған.
Сондай-ақ, қаржы азаматтарға діни қатынастар туралы кеңес беретін "114" бірыңғай республикалық желісінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге жұмсалмақ.