Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің ғалымдары, оқытушылары, дизайнерлерінің және өнертанушылардың қатысуымен «Қазақстанда дизайнерлік білім беруді жаңғырту: өзекті мәселелері мен таным көкжиегі» атты алқасөз өтті.
Факультет студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысқан алқасөзде Қазақстандағы дизайн өнері дамуының негізгі бағыттары; мәтіндік және бейнелік ақпаратты дизайнерлік өңдеу мен безендірудің заманауи жүйесі, баспа өнімдері дизайнының инновациялық технологиялары талқыланды.
"Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер" кафедрасының меңгерушісі Жетпісбай Бекболаттың сөзінше, FIBAA Агенттігі Комитетінің (FIBAA Accreditation Committee) 2017 жылғы 24 қарашада «5В042100-Дизайн» мамандығы бакалавриатының оқу бағдарламасын халықаралық аккредиттеуден өткізіп, дизайн саласындағы бакалавриат бағдарламасын нақты түрде графикалық және медиа-дизайнға шоғырландыру, сондай-ақ қолданбалы бакалавриат жүйесі бойынша оқу мерзімін қысқарту туралы ұсыныс жасаған.
"Еуропа мемлекеттерінде ешбір жер дизайн мамандығын 5 жыл оқытпайды. Оқу мерзімі екі немесе үш жыл ғана. Олардың ұсынысы біздегі оқытуды да осылай қысқарту. Одан кейін жалпы біз оқытып отырған дизайн мамандығы тым жалпылама, оны нақтылау керек. Сондықтан олар "Медиадизайн" немесе "Бұқаралық ақпарат құралдарының дизайны" дегенді ұсынып отыр", - дейді Жетпісбай Бекболат.
Т. Жүргенов атындағы өнер академиясы дизайн кафедрасының профессоры Қамбарбек Көшенов те шетелдік медиа саласындағы тәжірибе туралы айта келіп, оларда да дизайн мамандығы 2-3 жыл ғана оқытылатынын айтады. Оның сөзінше, Германияда коммуникациялық дизайн және өндіріс дизайны деген бар. Коммуникациялық дизайнға барлығы, яғни медиадағы немесе анимация дизайны да кіреді екен.
"Осы мамандық ішінен барлық маман шығады. Мысалы онда біреуі космос кемесін жасап жатыр. Бастысы олар тапсырыс қабылдайды. Студенттер солар бойынша жұмыс істейді. Оларда барлық техникалық база жеткілікті. Ал біздегі кемшін дүние осы. Бұдан бөлек бізде үш жылдық мәселесі болып отыр. Бізге көбіне студенттер колледжді бітіріп келіп түседі. Бізге келіп тағы екі жыл уақытын әлеуметтік гуманитарлық сабақтармен өткізеді. Осыдан кейін олар біздің академияға түскен күннің өзінде қайда түскенін ұмытып қалады. Яғни басқа гуманитарлық сабақтармен оларды басып тастайды", - дейді Қамбарбек Көшенов.
Сондай-ақ, ол елімізде мамандықты оқыту мерзімі қысқарса, мұғалімдер сағатының да қысқару жүйесі қалыптасқанын айтады. Ал мұндай жүйенің болмағаны жөн.
"Мысалы Германияда сағат қысқару деген түсінік жоқ. Жалпы кредит сағаты бар. Олар бір профессорды жұмысқа алса оны сол жерде бес жыл ұстап отырады. Профессор және лекция оқушы профессор жұмыс істейді. Оларға белгілі бір жалақы тағайындалады және олар сол бойынша ғана жұмыс істейді. Сағат кемиді деген ешқандай қорқыныш жоқ", - дейді ол.
Дизайнерлердің еуразиялық одағының төрағасы Ермек Асылханов болса үкімет дизайн мамандығына аз грант бөлетінін айтады.
"18 млн халқы бар елде 45 гранттың 25-і қазақша, 15-і орысша оқитындарға бөлінеді. Мысалы Еуразия ұлттық университетінде, мемлекеттік университеттерде дизайн мамандығында оқитын 30 студенттің ішінде тек екі-үшеуі ғана грантта оқиды. Қалғаны ақы төлейді. Ал бұл системаны бұзып, осында айтылған жүйені тезірек қабылдау керек. Арнайы жұмыс тобы құрылып, қолға алынуға тиіс", - дейді Ермек Асылханов.