Қазақстан полиэтиленді пакеттерге тыйым салуды жоспарлап отырған жоқ. Керісінше осы мәселені шешудің балама жолы қарастырылуда. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет брифингінде осылай мәлімдеді.
"Тыйым салу тәсілін қолданайын деп отырған жоқпыз. Біріншіден, мұның баламасы қандай екенін нақтылауымыз керек. Бұл үшін халықаралық тәжірибелерді қарастырып жатырмыз. Егер құны бойынша сәйкес келетін қағаз сынды немесе басқа да баламалары болса, онда полиэтиленді пакетті алмастырамыз", - деді Бозымбаев.
Сондай-ақ, министрдің сөзінше, алдағы уақытта Қазақстанда аталған пакеттерді тегін таратуға тыйым салынуы мүмкін.
"Бұл пакеттерді тегін таратпаудың жолдары қарастырылып жатыр. Мен бірнеше өңірде өмір сүрдім, елдің оңтүстігінде тегін таратса, солтүстікте сатылады. Ал Астанадан шыға бергенде бұлардың қаншалықты көп екенін көрген боларсыздар", - деді министр.
Бұдан бөлек, министр бұл мәселе қоғамдық ұйымдармен бірге талқыланып, содан кейін ғана қажетті шешім қабылданатынын атап өтті.