Түркияның Ішкі істер министрлігі елдегі мигранттар туралы мәліметтерді жария етіп, Түркияда паналап жүрген 3,5 миллионға жуық сүриялық босқынның бар екенін хабарлады. Бұл туралы сол елдің «Анадолы» ақпараттық агенттігі хабарлады.
Түркия ІІМ-ның Миграция дирекциясының мәліметтеріне қарағанда елде Сүриядан бас сауғалай келген 3 424 237 сүриялық азамат бар. Олардың арасында 1 852 563 ер, 1 571 674 әйел бар. Түркиядағы 3,5 млн адамға жуық Сүрия босқындарының басым көбі 29 жасқа дейінгілер, айталық осы жас мөлшеріндегі 2 млн 462 мыңға жуық сүриялық бар. Соның ішінде 4 жасқа дейінгі 515 мың 116 баланың бар екені белгілі болған.
Түркиядағы Сүрия босқындары Стамбул қаласына көбірек шоғырланған, аталған қалада 537 мың 829 Сүрия азаматы бар. Стамбулдан кейін ретімен Шанлыурфа, Хатай, Газиантеп, Мерсин, Адана, Бурса, Килис, Измир және Кония қалаларына таралған.