Кеше, 17 қаңтар күні Алматыдағы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, Қазақстандағы театрлардың атасы, алғашқы құрушыларының бірі, режиссер, драматург Жұмат Шанинның 125 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті. Талқы отырысынан кейін Ғ. Мүсіреповтың «Қыз Жібек» музыкалық драмасы көрермендерге ұсынылды.
Дөңгелек үстелге республикаға танымал театр актерлері, театртанушылар, сыншылар, зерттеушілер және Ж. Шанинның ұрпақтары қатысып, театр алыбының өмірі туралы құнды деректерді ортаға салды. Сонымен бірге Ж. Шанинның қаламынан туған «Арқалық батыр» кітабы қайталай басылып, тұсауын кесілді.
Жұмат Шанин өмірі мен ол өмір сүрген дәуір туралы жазушы, ғалым, публицист Бейбіт Қойшыбаев: «Шындап келгенде, театрдың алғашқы құрылған кездегі тағдыры да, Ж. Шанинның тағдыры да тарихымыздағы ең бір қиын кездерге тура келді. Сол кезде есеңгіреген халықтың еңсесін көтеруге театрдың рөлі зор болды, оған қызмет еткен осы Жұмат Шанин қатарлы ерлердің де еңбегі зор. Сол кезде Темірбек Жүргенов бастап мәдениеттің үлкен бір революциясын жүргізіп отырды. Сондай кезде жартысы қырылып қалған халықтың шашырап кеткен өнерпаздарын жинап, музыка театрын ұйымдастырып, ел еңсесін тіктеген осы Жұмат Шанин болатын. Тіпті Ресейдің құрамындағы Қазақ автономиялы республикасының Одақтас республика ретінде танылуына да осы театрдың еңбегі зор болды. Себебі ол кезде ұлттық экономикасы күйреген, халқының саны азайған елімізді тең, Одақтас республика деп танытатын бір ғана осы мәдениет саласы тұрып еді», – деген пікірін ортаға салды.
Театр атасы, қазақ театр өнерінің, драматургиясының алыбын еске алу жиынында А. Әшімов, Е. Обаев, Ә. Бөпежанова, З. Асабаев, Ә. Көпіш қатарлы, өнер мен әдебиет қайраткерлері және Ж. Шанина, Қайрат Шанин қатарлы Ж. Шанин атаның ізін жалғастырушы ұрпақтары сөз тізгінін ұстады.
Дөңгелек үстелден кейін, Ж. Шанинның шөбересі Елік Нұрсұлтанның сахналауымен Ғ. Мүсіреповтың «Қыз Жібек» музыкалық драмасы көрермендерге ұсынылды.