Дзюдодан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және әлем чемпионы Елдос Сметов Халықаралық дзюдо федерациясының тізген жаңа рейтингі бойынша 60 келі салмақта көш бастады, деп сүйінші сұрайды Vesti.kz.

Халықаралық дзюдо федерациясы 2017 жылғы бірінші әлемдік рейтинг тізімін 23 қаңтар күні жариялады. Сол тізім бойынша тараздық оғланымыз 1852 ұпай жинап, рейтингтің көшін бастап тұр. Екінші орында өзбек өрені Диорбек Оразов. Оның еншісінде 1772 ұпай. Өткен жылы 60 келі салмақта әлемдік рейтингке бірінші орында тұрған әзірбайжан дзюдошысы Орзан Сафаров жаңартылған тізімде үшінші орынға түсіп қалыпты. Орхан Илхамұлының қоржынында да 1772 ұпай бар.

60 келі салмақтағы әлемнің үздік деген дзюдошыларының қатарында тағы бір отандасымыз бар. Ол - Рустам Ибраев. Ақтөбелік дзюдошымыз 1010 ұпаймен, 14 орынға жайғасыпты.

66 келіде корей жігіті Ан Ба Ул бірінші орында келеді. Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерінде 2840 ұпай. Екінші орында Давадоржийн Тумурхулэх (1920 ұпай) тұрса, үшінші орынға Риода өткен Олимпиада ойындарының чемпионы италиялық Фабио Базиле (1702 ұпай) жайғасқан. Бұл салмақта өнер көрсететін отандасымыз Азамат Мұқанов 11 орында келеді. 29 жастағы дзюдошымызда 976 ұпай бар.

73 келі салмақта Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әзірбайжандық Рустам Оруджов (2950 ұпай) көш бастаса, жапон жігіті Соичи Хашимото (1931 ұпай) екінші орында, екінші бір жапон дзюдошысы, Олимпиада ойындарының чемпионы Оно Сэхей (1900 ұпай) үздік үштікті түйіндеп тұр. Бұл салмақта Олимпиада ойындарында бағын сынаған жас өреніміз Дидар Хамза 636 ұпаймен тізімнің 29 сатысында келеді.

81 келі салмақта үздіктердің қатарында біздің балуандар жоқ. Аталған салмақта жапон дзюдошысы Таканори Нагаше (2301 ұпай) бірінші, Хасан Халмурзаев (Ресей - 2000 ұпай) екінші, Тревес Стивенс (АҚШ - 1859 ұпай) үшінші орында.
Өкінішке қарай, 90 келі салмақтың үздіктер тізімінде де біздің дзюдошылар жоқ. Бұл салмақта Масю Бейкер (Жапония – 2680 ұпай) бірінші, Маркус Ниман (Швеция - 2181 ұпай) екінші, Варлам Липартелиани (Грузия - 1991 ұпай) үшінші орындарға орналасқан.

100 келіге дейінгі дзюдошылар рейтингінде отандасымыз Максим Раков бар. Ол 710 ұпаймен, 24 орында. Ауыр салмақтағы дзюдошылардың көшін Елмар Гасимов (Әзірбайжан - 2490 ұпай) бастап тұр. Екінші орында Сириль Маре (Франция - 2203 ұпай) жайғасса, чех жігіті Лукаш Крпалек 2172 ұпаймен үшінші сатыда.

Ауыр салмақтағы дзюдошымыз Ержан Шынкеев те 24-орында. Оның еншісінде 743 ұпай бар екен.

Бұл салмаққа әлемнің тоғыз дүркін чемпионы, екі рет Олимпиада шыңын бағындырған француз дзюдошысы Тедди Ринерге тең келер ешкім болмай тұр. 27 жастағы спортшы 2800 ұпаймен жеке-дара көш басында келеді. Екінші орында тұрған Хисаеши Харасава Ринерден 620 ұпай артта. Үшінші тұрған Даниэель Натяда 2140 ұпай бар.

“The Qazaq Times”