Қазақ әдебиеті тағы бір қайраткерінен айрылып отыр. Ақын, жазушы Серік Қапшықбайұлы 15 қаңтар күні дүниеден озды. Сүбелі әдеби шығармалардың авторы болған айтулы ақын биыл 83 жаста еді. Қайғылы қазаға орай ақынның отбасына, әдебиеттегі қаламдас жолдастарына, күллі қазақ жұртына көңіл айтамыз.
Серік Қапшықбайұлы – 1935 жылы ҚХР Тарбағатай жерінде туған. 1956 жылы Шынжаң институтының Тіл-Әдебиет факультетін тамамдап, "Шынжаң оқу-ағарту" журналында еңбек еткен. 1957 жылы "ұлтшыл" айыбы тағылып, 20 жылдан астам уақыт сүргінге ұшыраған. 1979 жылы ақталып, атағы мен қызметі қалпына келтірілген. «Жылдар арасында» атты шығармасымен ҚХР Мемлекеттік сыйлығын (1986 ж.) алған. «Жер басып жүргендер», «Күншығыс», «Жоқ», «Тас», «Жылқы ішінде ала жүр» т.б. еңбектердің авторы. 1994 жылы атамекеніне келіп, шығармашылық еңбек еткен. Ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай арнайы медальмен марапатталған.