Бір күннен кейін ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штатына ресми сапармен аттанады. Президенттің бұл реткі Уашингтон сапары Ақ үйге Трамп билік еткеннен бері бірінші рет жасалғалы отыр. Қыркүйекте телефонда сөйлесу кезінде Трамп Назарбаевты Құрама Штатқа шақырған болатын.
ҚР президентінің Уашингтон сапары алдында, кездесуде қандай тақырыптар ортаға салынып, «Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасын қандай арнаға бұрылуы мүмкін?» деген сұрақ туындайтыны анық. Осыған дейін Ақорданың және ҚР СІМ-ның жасаған ресми мәліметтерінде Қазақстан-АҚШ басшылары басты тақырып ретінде екі елдің әріптестігін тереңдету және қауіпсіздік мәселесі турасында талқылайды делінген. Бірқатар саясаттанушылар, сарапшылар бұл кездесу туралы сұраған сұрақтарымызға жауап бермеді. Сондықтан, қатысты деректер мен мәліметтерді топтастыра отырып, бірқатар болжамдарды ұсынуымызға тура келеді.
Ал кейбір саяси сарапшылардың осыған дейін айтқан пікірінде, Трамп пен Назарбаев арасындағы әңгіме тақырыбы аталған мәселелерден ауытқымайды, әсіресе экономикалық байланыстарды күшейтуге көбірек орын беруі мүмкін деген болжам жасапты. Себебі, АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда-саттық көлемі қуанарлық деңгейде емес. Айталық 2017 жылдың көрсеткіші бойынша Қазақстан-АҚШ арасындағы сауда айналымы 1,5 млрд АҚШ долларын (тағы бір деректе 1,7млрд) көрсетіпті. Ал Құрма Штатпен ресми байланыс орнатқан 1993 жылдан бері екі ел арасындағы сауда көлемі 26 млрд АҚШ доллары болған.
Бұның өзіндік себептері бар. Алайда, президент әр реткі сапарында Қазақстанның Орта Азияның геостратегиялық маңызды жерде орналасқан, табиғи байлығы мол ел екенін айтып келе жатса да АҚШ-тың бізге деген, әлде біздің АҚШ-қа деген талпынысымыз керемет деңгейге жете қоймады. Себебі, АҚШ-тың Орта Азиядағы стратегиясы Орта Шығыс, Азия-Тынық мұхит елдеріндегідей белсенді емес. Трамп осыдан бірер ай бұрын жария еткен АҚШ-тың жаңа стратегиялық бағытында Қытай мен Ресейді өзінің басты әріптесі (бейресми тұрғыда қарсыласы) деп атады. Осы екі елмен бірдей шектесіп отырған Қазақстан территориясы біз және өзге бірқатар елдер үшін ұрымтал, геостартегиялық маңызды болғаны, АҚШ үшін аса сезімтал аумақ. Оның да айтуды қажет етпейтін себебі мол.
Жаһандық көштің бұйдасын ұстаған АҚШ-пен дипломатиялық барыс-келіс кез-келген мемлекет үшін де аса маңызды. Осыдан тура бір жыл бұрын АҚШ билігін қолына алған Трамп ішкі-сыртқы саясатта аз болмаған өзгерістерді жасады. Соның ең елеулісі «Америка көшбасшы» ұстанымы арқылы өзге елдермен байланыс орнату. Бұл Уашингтонмен осыған дейін де тығыз әріптестік орнатқан елдер үшін де жаңа өзгерістерді алып келді.
ҚР президентінің кезекті Уашингтон сапары екі ел ғана емес Орта Азия мен Орта Шығыстағы кейбір елдер үшін де маңызды болуы мүмкін. Олай дейтініміз Батыс пен Ресей арасындағы қайшылықта Қазақстан барынша бейтараптық танытып келді. Сүрия мәселесінде келіссөздерге мұрындық болды. 2009-2015 жылдары арасындағы қатты күшейген Иран ядролық мәселесінде және алты жақпен жасасқан Иран ядролық келісімінде де Қазақстанның ешбір қатысы болмады деуге келмейді. Себебі, сол кезде Қазақстан әлем елдеріне ортақ ядролық отынның қорын немесе банкін құру бастамасын көтеріп, сол кездегі Иран президенті Ахмадинежаттың да, АҚШ президенті Барак Обаманың да қолдауын алған болатын.
Обама билігінің соңғы кезінде көпшілік пікірде «Американың Орталық Азиядағы ықпалы әлсіреді» немесе «АҚШ Орта Азия елдерімен қарым-қатынаста тізгін тартты» деген көзқарастар көбірек айтылды. Ал Трамп өткен жазда Ауғанстандағы АҚШ әскерлерінің санын арттырып, бұл аймақтағы белсенділігінің әлі де жалғасатынын танытқандай болды.
«Сентрал Азия Портал» сайтының хабарына қарағанда, АҚШ Орталық Азия елдерінің СІМ басшыларының басын қосқан отырыс өткізуді жоспарлап отыр. «С5+1» кеңесінен кейін АҚШ-тың өңірдегі экономикалық, саяси қадамдары қазіргіден арта түсуі мүмкін. Бұған ресейлік сарапшылар пікір білдіріп, Ресей үшін келер-кетері жоқ деген баға беріпті.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мерзиеевтың Уашингтон сапарында да «С5+1» отырысының мәселелері талқыланатыны анық. Кездесудің қай елде өтетіні де өзіндік маңызға ие.
Кездесуде қауіпсіздік тақырыбында Ауғанстан мен Иран және Сүрия мәселелерінің ортаға салынатыны да белгілі. Ирак пен Сүрия жерінен қуылған «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы Ауғанстан жерінде белсенділік таныта бастады. Бұл да Қазақстанға және Орта Азия өңірлік қауіпсіздігінде салмақты тақырып. Терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес – қазіргі Уашингтон билігінің сыртқы саясаттағы басты тақырыбы. Орталық Азия елдерін ортақ терроризмге қарсы күреске жұмылдыруда АҚШ Қазақстан мен Өзбекстанды басты серіктес етіп алады. Әсіресе АҚШ көзқарасында Қазақстанның өңірдегі салмағы басым. Кездесуде осы мәселе де тілге тиек болады десек қателесе қоймаймыз.
Осы арада тағы бір болжамның реті табылады. Ол болса нашарлай түскен АҚШ-Ресей қарым-қатынасына байланысты. Трамп 2016 жылғы АҚШ президент сайлауында АҚШ пен Ресей арасындағы байланысты ретке салып, Мәскеумен ынтымақтастықты жақсартатынын айтқан. Алайда, ол президент болып келгеннен кейін Ресеймен жақындасуына Уашингтон билігін ұстағандар мүмкіндік бермеді. Тіпті бұл сөзде басы дауға да қалды. Ал, алдағы кездесуде Трамп Қазақстан басшысын АҚШ-Ресей қарым-қатынасына дәнекер болу ұсынысын да айтып қалмасына кім кепіл. Бұның ықтималдығы төмен болғанымен Трамптың әуелгі ойы мен уәдесін жүзеге асырудың бір мүмкіндігі болып туары сөзсіз.
Бұдан бөлек, дербес сарапшылардың басым көбі Ұлттық қордың бұғатталған 22 млрд доллары бұл отырыста шешім таба қоймайды, тіпті бұл кеңес тақырыбына алынбауы да мүмкін дегенге келіседі. Аз сандағы сарапшылар бұл мәселеде екі ел басшыларының жекелеген дипломатиялық шеберліктеріне байланысты екенін айтуда. Қай жағынан қарасақ та ҚР президентінің АҚШ-қа сапары Қазақстан мен Құрама Штат байланысы үшін де, өңірлік қауіпсіздік пен саяси тұрақтылық үшін де өзіндік маңызы бар. Ал, бұл болжамдар мен ойлардың қаншалықты тиянақты болатынын және алдағы сапардың елімізге қайыры мен берекесінің қаншалықты болары кездесуден кейін айтылатын болады.