АҚШ-тың Пәкістанға бағытталған қауіпсіздік саласындағы қаржылай көмегі Исламабадтың Ауғанстан талибтері мен Хакки террористік желісіне қарсы күресінде елеулі нәтижелер көрсете алмағаны үшін тоқтатылды. Сарапшылар Пәкістан жалпы көлемі 900 млн АҚШ долларынан артық қаржыдан қағылғанын айтады. Оның 255 млн $ АҚШ-тың шетелдік әскери қаржыландыру қоры арқылы Пәкістанға қорғаныс техникасы мен әскери жаттығуларды жүргізуге берілсе, қалған 700 млн $ террористік топтарға қарсы күреске беріліп келген.
Сарапшылар Пәкістан әскері АҚШ-тың көмегінсіз біраз уақыт тұралау қалпында болатынын айтады. Олардың пікірінше, оның орнына қаржыландырудың жаңа көзі болатын Қытай сияқты мемлекеттер Пәкістан әскерінің барлық қажеттіліктерін өтей алмайды. Сондықтан да болар, Пәкістан АҚШ-тың әскери көмек беруден бас тарту туралы шешімін ұната қоймады. Пәкістанның Сыртқы Істер министрі Хваджа Асиф АҚШ-ты "қаныпезер дос" деп атады. Оның ойынша, АҚШ-ты дос не дұшпан деп нақты атау мүмкін емес.
Пәкістанның Сыртқы Істер министрлігі соңғы 15 жыл бойы өңірдегі тыныштықты сақтау үшін мемлекет өзінің жеке қаржысынан 120 млрд АҚШ долларын жұмсағанын мәлімдеді. ВВС ақпараттық агенттігінің жолдаған сауалына Пәкістан әскерінің баспасөз хатшысы "Біз үшін ақша емес, тыныштық маңызды" деп жауап берген. Пәкістан АҚШ-тың әрекеті барлығы үшін ортақ қауіп терроризмге қарсы күреске кері әсер етуі мүмкін екенін ескерткен болатын.
Сарапшылар Пәкістан АҚШ-тың шешіміне жауап ретінде Ауғансстанға баратын құрлық жолын жауып тастай алатынын айтады. Америка Ауғанстанға әртүрлі жүктер тасымалдайтындықтан, бұл оған біршама қиындықтар туғызуы мүмкін. 2011, 2012 жылдары Америка ұшақтарының Пәкістан поштасын бомбалауы мен Усама Бен Ладеннің өлтірілуіне байланысты аталған құрлық жолы жабылған еді. Бірақ бұл жолы Пәкістанның қарсы қимылдар жасауы қос мемлекет қарым-қатынасын одан әрі ушықтырып жіберуі мүмкін. "Сондықтан Пәкістан қатаң шаралар қабылдауға асықпайды", - дейді.