АҚШ Пәкістанға қауіпсіздік саласында қаржылай көмек беруді тоқтатады. Мұндай шешім Пәкістанның өз аумағындағы Хаккани террористік желісі мен Ауғанстан талибандарына қарсы күресін жеткілікті жүргізіп отырмағанымен түсіндірілді. Осыған дейін Дональд Трамп Пәкістан Америкадан миллиондаған қаржы алып келгеніне қарамастан, экстремистік топтардың қызметіне тосқауыл болуға тиісті шараларды қабылдамай отырғанын айтқан болатын. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Пәкістан Үкіметі Дональд Трамптың мәлімдемесін салқын қабылдап, Америка басшысының террористік актілерден көп шығынға ұшыраған елдің үлесін жоққа шығарғандарына наразы. АҚШ-тың қауіпсіздік саласындағы қолдауын доғару туралы шешімін Үндістан мен Ауғанстан қуана қабылдаса, Исламабадқа миллиондаған инвестиция құйып отырған Қытай Американың әрекетін әділетсіз деп тапты.
Пәкістанға осыдан бұрын бірнеше рет "Ауғанстан жерінде жиі жарылыс жасайтын Хаккани желісіне астыртын қолдау көрсетіп, өз елінде баспана ұсынып отыр" деген айыптар тағылған. Бірақ Исламабад ол пікірлердің бәрін жоққа шығарып келген. Мемлекет департаментінің хабарлауынша, Пәкістанға бағытталған 255 млн фунт стерлинг көлеміндегі қаржы аударылмайды және әскери көмекті тоқтату туралы шешім Исламабад Хаккани желісі мен Ауғанстан талибтеріне қарсы күрес қимылдарын қатаң қолға алғанға дейін өз күшінде қала береді.