Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Францияда ресми сапарда болды, әрі сол елмен Түркия арасындағы қарым-қатынасты жақсартатынын айтты. Бұл туралы сол елдің «Анадолы» ақпараттық агенттігінің  ресми сайты жазды.

Ердоған Францияда TF1 және LCI арналарының сұхбатын қабылдағанда, Түркия Еуропа елдері арасында Франциямен тату қарым-қатынасты сақтап келе жатқанын алға тартқан. Ол және Франциямен бірлесе отырып, терроризмге қарсы күрес, босқындар мәселесі және Орта Шығыс қайшылықтарын шешуге тырысатынын айтқан.

Ердоған бұл жолы Сүрия тақырыбында Франция президентімен ойының бір жерден шыққанын атап көрсетті. Яғни, Сүрия болашағы үшін Францияға ұқсас Башар Асадтың биліктен кетуін қалайтынын ашық айтқан. Сондай-ақ, Сүриядағы ДАИШ күштерімен күресу үшін өзге террорлық топтармен ымыраға келмейтінін айтып уәде берген.

Француз журналистері түрік басшысын көптеген сұрақтардың астынан алды. Бір журналист 2016 жылғы 15 шілдеде болған төңкеріс туралы айта келіп, үкіметтің ел көлемінде төтенше жағдай жариялап отырғанын, соның салдарынан қуғын-сүргіндердің ұзаққа жалғасқаны туралы сұрағанда Ердоған: «Біз елдегі кейбір күштердің билікке қарсы күресінде, орнықтылықты сақтау үшін елде төтенше жағдай жарияладық. Франция да террорлық шабуыл үшін де төтенше жағдай ұзақ уақытқа жалғасты емес пе?!» деген жауабын қайтарды.

Францияда болған бір күндік сапары кезінде де, Макронның үкіметін Фетхоллах Гүлен тақырыбында қолдау көрсетуін, екі елдің қалыпты дипломатиялық қатынасы үшін Гүлен туралы ұстанымдары Түркияның қазіргі үкіметімен бірдей болуын ұсыныс етті. Ердоғанның бұл сапарын, сол елдің ресми ақпарат құралдары, соңғы кездері Түркияның Батыс елдерімен болған араздығынан кейін Еуропада жасалған маңызды қадамдарының бірі деп бағалапты.

“The Qazaq Times”