Ирактың жаңа президенті Түркиядағы алғашқы ресми сапарын бастады. Президент Берхам Салих Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен жекелеген кездесу өткізді. Сондай-ақ, Ирак-Түркия арасында жоғары деңгейдегі делегациялардың отырысы өтті.

Түркия басшысы әріптесін президент сарайында құрмет қарауылы арқылы жоғары деңгейде қарсы алу рәсімімен күтіп алды. Кездесуде Түркия билігінің бірқатар жоғары лауазымдылары да қатысты.

Берхам Салих алғашқы ресми сапарларының бірі ретінде Анкараға ат басын бұруында да өзіндік мәні бар. Қазір Түркия мен Ирак арасында терроризмге қарсы ортақ күрес қызу деңгейде. Енді ғана орныға бастаған Ирак үкіметі өңірдегі маңызды ойыншы ретінде Анкара тарабымен байланысты жақсартатынын президент Салих бұдан бұрынғы мәлімдемесінде де атап өткен.

Былтыр тамыз айында Түркия қарулы күштері жағынан басталған Ирактың солтүстік аймақтарында террорлық күштерге соққы беру операциялары әлі де жалғасып жатыр. Түрік әуе күштерінің соңғы әуе операциясы бұдан екі күн бұрын болған. Онда Ирак солтүстігіндегі Зап, Метина, Авашин-Басиян және Гара аймақтарындағы PKK қарулы топтарына тиесілі бекіністер талқандалған.

“The Qazaq Times”