Қазақстанда президенттің «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы жарыққа шыққалы бері «еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі» жұрт жаңа бағдарламаны жапатармағай талқылады, қолдады, қолпаштады, соның аясында түрлі шаралар өткізді. Бір сөзбен айтқанда барлығы бір ауыздан «Рухани жаңғыратын уақыт жетті» деді. Бірақ бүгін біздің айтайын деп отырғанымыз бұл емес. Бүгін біз осыған ұқсас бірақ Түркіменстан басшысы Құрбанғұлы Бердімұхамедовтың авторлығымен дүниеге келген «Алып күш және бақыт дәуірі» бағдарламасына қысқаша тоқталатын боламыз.
Қазіргі таңда Түркіменстан халқы ел президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедовтың ұлы идеясы «Алып күш және бақыт дәуірі» бағдарламасы негізінде өмір сүруде. Осы бағдарлама аясында Республика бойынша түрлі шаралар өтуде, атқамінерлер «Алып күш және бақыт дәуірі» бағдарламасын ауызынан тастамай жатқа соғуда. Бір сөзбен айтқанда Қазақстандағы жағдай айна қатесіз қайталануда. Бұның барлығы әрине жақсы дүниелер. Президентін елі қолдап жатса оның несі айып?! Бірақ бұл шын мәнінде осылай ма? «Алып күш және бақыт дәуірінде» өмір сүріп жатқан түркімен халқының қазіргі жағдайы қандай? Түркіменстан жұрты қаншалықты «бақытты»? Енді осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
«Бақыт дәуірінде» өмір сүріп жатқан Түркіменстанның мемлекеттік қызметкерлері 2016 жылдың қаңтар айынан бастап айлық жалақысын екіге бөліп алады. Оның жартысы ұлттық валюта манат түрінде, қалған жартысы мемлекеттік облигация түрінде беріледі. Бұдан бөлек 2016 жылдың ақпан айынан бастап қарапайым халыққа доллар, еуро сынды қандай да бір шетелдік валютаны сатып алуға тыйым салынған. Ал бұл өз кезегінде елде азық-түлік тапшылығын туғызумен қатар, қара нарықтың "гүлденуіне" алып келген. Бұл «бақыт дәуіріндегі» Түркіменстанның бір жағы ғана. Енді екінші жағына көз салсақ.
Бұл жерде елді 2006 жылға дейін басқарған Сапармұрат Ниязовтың істеп кеткен жұмыстарына тоқталуға тура келеді. Себебі Сапармұрат Ниязов «Түркіменбасы» атағын ең алғаш алған адам. Одан кейін Орталық Азияда «Елбасы», «Ұлт көшбасшысы», «Түркі әлемінің ақсақалы» деген атақтар «жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптап кетті. Бірақ бұл жерде мәселе оның атағында емес, оның істеп кеткен жұмысында екендігін айта кеткен жөн. Ол 1993 жылы "Түркіменбасы" атанғаннан кейін бірден «Алтын ғасыр» (Қазақстандағы «Мәңгілік ел», «Ұлы дала» жобаларына ұқсас) бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Түркімен халқын күніне екі сағатқа ғана берілетін тегін ауыз су, газ және тұзбен қамтамасыз етті. Бірақ «зейнет жасындағы азаматтарға зейнетақы төлемейміз, қартайған ата-анасын бала-шағасы бақсын» деп мәлімдеді. Бірақ кейіннен өзінің артық кетіп бара жатқанын байқады ма, жоқ әлде түркімен қарттарынан ұялды ма белгісіз, әйтеуір барлығын тастап табиғатқа жақсылық жасауға кірісті. Елдің солтүстігінде «Алтын ғасыр» деп аталатын көл жасамақшы болды. Алайда оған өмірі жетпей 2006 жылы дүниеден озды. Осыдан кейін билік басына «Алтын ғасырды» артқа тастаған, «Алып күш және бақыт дәуірі» бағдарламасын бастаған Құрбанғұлы Бердімұхамедов келді. Ол келе салып «елде бензин тегін болады» деп жар салды. Жұрттың барлығы тегін бензинге ұмытылды, атқамінерлер Бердімұхамедовқа да Түркіменбасы атағын берді. Осылай той тойлап жүргенде тегін бензин көзден бұл-бұл ұшып, жанармай бағасы бұрынғыдан бірнеше есеге бірақ қымбаттады. Артынша 2013 жылы екі сағатқа берілетін тегін газ бен су квотасынан бөлек ақылы тариф бағасы 10 есеге көтерілді. Бір қызығы түркімен халқы ел билігінің бұл әрекетіне де ешқандай қарсылық көрсеткен жоқ. Керсінше, президентімен бірге екендігін білдірді.
Қорыта келгенде Орталық Азия елдерінде бұндай ғаламдық деңгейді қамтыйтын мемлекеттік бағдарламалардың қашан аяқталатыны бізге белгісіз. Белгілісі бір ғана дүние. Ол елдің экономикалық көрсеткіштерін жақсартып, халықтың тұрмыс деңгейін тиісті деңгейге көтермейінше кез келген жобаның құрдымға кететіндігі. Ел халқының тұрмысы мен рухани тәрбиесіне көңіл бөлмейінше «Алтын ғасырдан» бастап, «Алып күш және бақыт дәуіріне» дейінгі аралықтың барлығы құр науқаншылдық және өз өзін алдау.