Қазақстанда автокөліктерді мемлекеттік тіркеу ережелері түбегейлі өзгерді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің фейсбуктегі парақшасында хабарланды.
Агенттіктің мәліметінше, азаматтар автокөлікті есептен шығару кезінде жаңа есепке алатын автокөлікке өзінің бұрынғы мемлекеттік нөмірлерін орнатуда мемлекеттік бажды 2,8 АЕК көлемінде, оның ішінде арнайы ХҚКО және ІІМ тіркеу-емтихан бөлімшелерінде сақтауда тұрған нөмірлер үшін де төлеген.
Осылайша, бір жылда орта есеппен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін сақтауға 11 мыңға жуық азамат өтініш береді екен және бұл оларды қайта орнату үшін 63 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік баж төлегенмен тең болған.
Ведомство таратқан хабарламаға қарағанда, енді автокөлік иелері тарапынан қосымша шығыстар болмауы мақсатында, сонымен қатар жаңа Салық кодексіне сәйкес, мемлекеттік нөмірдің 1 данасын 6 734 теңге орнына 3 367 теңгеге дайындауға өтініш беру мүмкіндігі ұсынылады.
"30 жұмыс күніне дейін мемлекеттік нөмірлерді қайта орнату кезінде мемлекеттік баждарды (АЕК көлемінің жыл сайынғы өсуін ескергенде 2018 жылдан бастап 6 734 теңге көлемінде) төлеу қажеттігін алып тастау мақсатында, Агенттік ұсынымдарының негізінде Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа ереже осы жылдан бастап жүзеге аса бастады", - делінген хабарламада.
Ал бұдан бұрын мемлекеттік нөмірдің 1 данасы жоғалған немесе жарамсыз болған кезде азаматтарға оның дубликаты (2 данасы) үшін міндетті түрде мемлекеттік баж төлеуге немесе автомашинаны қайта тіркеуге тура келген. Мысалы, бір жылда орта есеппен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінің дубликатын дайындауға 1,9 мыңға жуық азамат 11 млн тенгеден астам соммаға өтініш береді екен.