Өзбекстанның экс-ішкі істер министрі Адхам Ахметбаев үй қамағында отыр – деп хабарлайды "Орталық Азия жаңалықтар қызметі" ақпарат агенттігі.
«Орталық Азия жаңалықтар қызметінің» Ахметбаевқа жақын ақпарат көзінің мәліметінше, желтоқсан айының 25-нен бері Адхам Ахметбаев үй қамағында отыр. Оның барлық атақ-дәрежесі, әскери шені тартып алынған.
Бұған дейін БАҚ беттерінде қаңтар айының 4-і күні Адхам Ахметбаев президент кеңесшісі қызметіне тағайындалды деген ақпарат тараған болатын. Бірақ кейіннен халық арасында оның шені генерал-лейтенанттан полковник дәрежесіне дейін төмендетіліп, жүріп-тұрғаны арнайы қызмет бақылауында екендігі жайында қаңқу сөз тараған.
Естеріңізге салайық, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев желтоқсан айының 22-сі күні Парламентке жасаған жолдауында Адхам Ахметовты қатаң сынға алған болатын. Ол онда: «Сіздер білесіздер ме қазір сатқындығы үшін экс ішкі істер министрі Ахметовтың қайда жүргенін? Менің ар-ұжданым оның Өзбекстан министрі бола тұра сатқынға айналып, белгілі бір топқа қосылғанын қабылдай алмады. Мен екі генералдың иығынан пагонын жұлып алғанмын. Генерал-лейтенант-сымақтар» - деген.