Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ресми іс-сапармен Астанаға келді.
Бүгін желтоқсан айының 25-сі күні Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбеков Астанаға ресми іс-сапармен келді. Оны әуежайдан Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мәмин мен Сыртқы істер министрі орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев күтіп алды.
Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан президенті ретінде Қазақстанға жасаған алғашқы ресми іс-сапарында Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынас жайында, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестік жайында келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Бұдан бөлек Сооронбай Жээнбеков үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевпен де кездеседі деп жоспарлануда.
Естеріңізге салайық, Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков бұған дейін қараша айының аяғында Беларусь астанасы Минск қаласында кездескен. Осыдан кейін бір айдан астам уақытқа созылған қазақ-қырғыз шекарасындағы дау шешімін тауып, екі ел басшылары кеден қызметіне байланысты «жол картасын» қабылдаған.