Перудің қазіргі мемлекеттік басшысы Педро Пабло Кучинскидің шешімімен бас бостандығынан айырылған бұрынғы Президент Альберто Фухимориға кешірім жарияланды. Ол қан қысымының төмен болып, жүрек соғысы жиілігінің бұзылуына байланысты түрмеден бірден ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы ВВС ақпараттық агенттігі жазды.
Перудің Президент әкімшілігінің хабарлауынша, Альберто Фухимори денсаулық жағдайына байланысты босатылған. Соңғы жылдары ол медициналық көмек алу үшін бірнеше рет ауруханаға жатқызылған еді. Елді 1990-2000 жылдары басқарған Альберто Фухимори жемқорлық пен адам құқықтарына қарсы әрекеттері үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
2007 жылы Перудің бұрынғы Президентіне пара алған және билігін асыра пайдаланған деген айып тағылып, Сот 6 жыл абақтыға жабу туралы үкім шығарды. 2009 жылы Альберто Фухимори өзі мемлекет басшысы қызметінде болған жылдары биліктің рұқсатымен жұмыс істеген "өлім эскандрондарының" қылмыстары үшін тағы 25 жыл жазаға кесілді.
Жуырда Перудің қазіргі Президенті Пабло Кучинскиге жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен импичмент жариялану қаупі төнгенде Конгресстегі Альберто Фухиморидің жақтастары оған көмектесіп, қолдау көрсеткен еді. Перу Оппозициясы Президенттің аталған қолдауды алу үшін Фухимориді босатуға уәде берген болуы мүмкін деген болжам айтады. Билік бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр.