Қазақстан 2018 жылы да Ресейден келетін көліктерге тыйым салу туралы шешімін күшінде қалдырады. Бұл туралы "Колеса" порталы хабарлады.
Сайттың мәліметінше, соңғы кездері әлеуметтік желілерде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі өз күшіне енгеннен кейін Ресей және басқа елдердегі көліктерді экологиялық класы мен түрлі талаптарға қарамастан Қазақстанға әкелуге болатыны туралы қауесет тараған.
2015 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық одақтан келетін көліктерге салынатын қосымша құн салығы шеттетілгеннен кейін және "Көлік құралдарының қауіпсіздігі" туралы Кедендік одақтың техникалық регламенті іске қосылған соң Ресейден келетін көліктер саны көбейіп, Қазақстанның автосалондарында көлік сатылымы азайып кеткен.
Міне, осыдан кейін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі отандық көлік өндірісін сақтап қалу мақсатында "Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарымен жүруге арналған автокөлік құралдарының жол берілетін параметрлерін бекіту туралы" №342 бұйрығын шығарды.
Құжат бойынша Евро-4 экологиялық стандартынан төмен кластағы көліктерді және бұғаттауға қарсы тежеу жүйесі, қауіпсіздік жастығы, ІSОҒІХ бекіту жүйесі құрылғыларымен қамтамасыз етілмеген көліктерді Қазақстанға әкелуге тыйым салынған. Осы себепті де ЕАЭО-ның Кедендік кодексі қабылданғаннан кейін де Ресейден көлік әкелуге қатысты ешқандай өзгеріс болмайды.
Осылайша портал "бұл мәселе заң қайта талқыланбайынша жабық болып қалады деуге болады" деп мәлімдеп отыр.