АҚШ Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Кәрімовтың қызы Гүлнара Кәрімоваға қарсы санкция жариялады – деп хабарлайды Reuters ақпарат агенттігі.

АҚШ Қаржы министрлігінің хабарлауынша, Гүлнара Кәрімованың үстінен қозғалған қылмыстық істерге байланысты «Магнитск заңы» бойынша, оған қарсы санкция жарияланған. АҚШ билігі Гүлнара Кәрімованың үстінен қылмыстық істі 2013 жылдан бастап жүргізіп келеді. Тексеру жұмыстары барысында Гүлнара Кәрімова әкесі Ислам Кәрімов Өзбекстанды басқарып тұрған жылдары шетелдік компаниялардан 1 миллиард доллар көлемінде пара алған. Ол аталмыш қаржыны тазарту мақсатында Швейцария, Гонконг, БАӘ сынды мемлекеттерден қаржы активтерін сатып алған.

Тамыз айында Өзбекстан бас прокуратурасы Ресей билігінен ел аумағындағы Гүлнара Кәрімоваға тиесілі бірнеше жылжымайтын мүлікті бұғаттауды сұраған болатын. Өзбекстан билігінің мәліметінше, Гүлнара Кәрімованың Ресей астанасы Мәскеуде сегіз пәтері, Рублевка ауданында котеджі және «Камелот» тұрғын үй комплексінде пентхаусы бар.

Естеріңізге салайық, Өзбекстан билігі 2013 жылы Гүлнара Кәрімоваға «аса ірі көлемде қаржы жымқырды және салық төлеуден жалтарды» деген айып тағып, оның үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын. Кейіннен 2015 жылы Ташкент қалалық соты Гүлнара Кәрімованы 5 жылға соттап, дүние-мүлкін тәркілеген. Бірақ Гүлнара Кәрімоваға тағылған айыптармен оның ұлы Ислам Кәрімов мүлде келіспейтіндігін мәлімдеген. Оның сөзінше, анасының үстінен қылмыстық іс қозғалып, 5 жылға сотталуының саяси астары бар.

“The Qazaq Times”