Ислам Кәрімовтың қызы Гүлнара Кәрімова Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды Asia-Plus ақпарат агенттігі.

Осыған байланысты «Ферғана» ақпарат агенттігінің бас редакторы Даниил Кислов өзінің Facebook парақшасына: «Кәрімова ханым Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеу изоляторының 3 қабатында орналасқан VIP тұлғаларға арналған бөлімде жатыр» -деп жазған.

ТАСС агенттігінің журналистерінің «Гүлнара Кәрімова қайда?» деген сұрағана Өзбекстан бас прокуратурасы: «Иә Кәрімова ханымды қамауға алуға байланысты сот шешім шығарған. Бірақ қамауға алуға үй қамағы жатпайды» - деп қана жауап берген.

Бұған дейін Гүлнара Кәрімованың ұлы Ислам Кәрімов ВВС арнасының өзбек қызметіне берген сұхбатында тамыздың 1 күні анасының түрмеге қамалғаны жайындағы құжатты алғанын, бірақ оның рас-өтірігін білу мүмкін еместігін айтқан болатын.

Естеріңізге салайық, шілденің 26 күні Өзбекстан бас прокуратурасы Өзбекстанның бұрынғы басшысы Ислам Кәрімовтың үлкен қызы Гүлнара Кәрімованың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жайында ақпарат таратқан болатын.

“The Qazaq Times”