Америкалық Bank of New York Mellon сот ісіне байланысты Қазақстан Ұлттық қорының 22 млрд долларына бұғат қойды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлап отыр.
Басылым басқа дереккөздерге сілтеме жасап, Ұлттық қор қаржысының бұғатталуына молдовалық бизнесмен Анатолий Статидің арызы себеп болғанын мәлімдеп отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық банкі BNY Mellon-ға қарсы шағым түсірген. Ал бұл істі қарау бейсенбі күні Лондонда өтеді. Бірақ молдовалық бизнесменнің не үшін арыз бергені әзірге белгісіз.
Айта кетейік, ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде Ұлттық қор активі 57,3 млрд долларды құрайды. Ал Ұлттық банктің дерегінше, жыл басынан бері Ұлттық қордағы активтердің көлемі 61,2 млрд доллардан 57 млрд долларға дейін (1 желтоқсандағы есеп бойынша) төмендеген.