Трамп үкіметі көптен бері ұсынып келген салық реформасын Сенат ақыры мақұлдады. Бұл Құрама Штаттың соңғы 30 жылдағы ең ірі салық реформасы болып саналады. Осыған дейін өкілдер палатасы жаңа жобаны мақұлдамай келген. Бұл туралы «The New York Times» басылымының ресми сайты хабарлады.

Дауыс беріп мақұлдау кезінде 51 өкіл мақұлдап, 48 өкіл жобаға қарсы дауыс беріп, үш дауыстың басымдығымен салықты қысқарту заңы қабылданды. Дауыс беру кезінде Сенат ғимаратының алдында наразылық шеруі де болды. Бұл АҚШ-тың өкілдер үйінде ең көп дау тудырып, көп рет талқыланған тақырып еді. Парламенттің бекітуінен кейін аталған ереже атқарылатын болса, бұл – президент Трамптың заң шығарудағы ең үлкен табысы мен жеңісі деуге болады.

Заң жобасында корпоративтік салықты табыстың 35 пайызынан 20 пайызына дейін төмендету керектігі айтылған. Оған қоса америкалық компаниялардың шетелдегі табысын толығымен салықтан босату туралы қарастырады. Шетелден табыс табатын америкалық компаниялардың бәрі дерлік 2026 жылға дейін салық төлеуде жеңілдіктерден  игіліктене алады.

АҚШ Сенатындағы Демократтар партиясының өкілдері бұл жобаға барынша қарсылық танытқан. Сенаттағы демократтардың лидері Шак Шумер сөзінде: «Мұндай жиіркенішті заң жобасы үшін келесі жолғы сайлауда Республикашылдар жауап беретін болады. Олар бұл жарамсыз заң жобасынан өздері-ақ бас тартатын болады. Тіпті сол үшін дауыс беруден ұялатын болады», – деген.

Жобаға қарсы шыққандардың көбі жаңа жоба қабылданса осыған дейін салық төлеу үшін қарастырылған Obamacare программасындағы міндетті сақтандырудан айырылып қалады деп қарайды. Конгрестің Бюджет бойынша басқармалары жүргізген зерттеу бойынша, жаңа жоба сақтандыру ақыларының жоғарлауына алып келеді, 2027 жылға барғанда 13 млн адам сақтандырудан қағыс қалады.

“The Qazaq Times”