Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Ресей телеарналарының Қазақстан аумағында көрсетілуі жайында пікір білдірді.

Сенатта ақпарат және коммуникациялық мәселелер бойынша, кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында Дариға Назарбаева Дәурен Абаевқа ресейлік телеарналардың Қазақстан аумағында хабар таратуына қатысты жағдайды түсіндіруді сұраған.  Өз кезегінде Дәурен Абаев: «Біз ресейлік әріптестерімізбен қаңтар-ақпан айларында келіссөздер жүргіземіз деп келістік. Оған дейін ресейлік телеарналар өшірілмейді. Бұл жерде мәселе экономикалық тұрғыдан ғана. Кейбір ресейлік телеарналар өз өнімдерін Қазақстан аумағында көрсетуге байланысты тарифтерін көтерді. Мысалы: елімізде үлкен сұранысқа ие емес «Россия-Культура» арнасы тарифін қымбаттатты. Біздің кабельдік операторларымыз олардың қызметінен бас тартуға құқылы» - деген.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Қазақстан аумағында кабель желісінде хабар тарататын ID TV операторы 2017 жылдың 11 желтоқсанынан бастап ресейлік "НТВ-Мир", "РТР-Планета", "Россия-24", "Россия-Культура" телеарналарын Қазақстан аумағында көрсетуін тоқтататындығын айтқан болатын. Кейіннен Сыртқы істер министрлігі Ресей байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігімен аталмыш жағдайға байланысты келісімге келгендігі жайында мәлімдеген. Онда ресейлік "НТВ-Мир", "РТР-Планета", "Россия-24", "Россия-Культура" телеарналарының өнімдерін қазақстандық операторлар 2018 жылдың 1 наурызына дейін бұрынғы баға бойынша сатып алатындығы жайында айтылған.

“The Qazaq Times”