Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров «Орталық Азия елдері Ауғанстан мәселесін шешуге атсалысуы тиіс» - деп мәлімдеді.

Желтоқсан айының 11-і күні Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Вивиканан халықаралық қорында Ауғанстандағы жағдайларға байланысты сөз сөйлеген. Ол онда: «Біздің ойымызша Ауғанстан мәселесін шешуге Ресей, АҚШ, Пәкістан, Иран, Үндістан және Қытайдан бөлек, Орталық Азия елдері де атсалысуы тиіс. Ауғанстан дағдарысы аталмыш мәселеге қатысы бар барлық мемлекеттер белсенділік танытқанда ғана шешілетін болады. Біз бұған дейін «Мәскеу келісімін» ұйымдастырғанбыз. Бірақ оған АҚШ қатысудан бас тартты.Қазір Үндістан мен Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше. Осыған байланысты біз қазан айында Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Ауғанстан дағдарысына қатысты отырыс өткіздік. Келесі бас қосу 2018 жылы Қытайда өтеді деп жоспарлануда» - деген.

Шетелдік сарапшылардың сөзінше, Ресейдің Ауғанстан мәселесіне Орталық Азия елдерін араластырудағы басты мақсаты АҚШ пен НАТО-ға қарсы тұру. Себебі соңғы уақыттары Ауғанстанда АҚШ пен НАТО әскер санын арттырып, елдегі «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы мен «Талибан» қозғалысына қарсы күресті күшейткен. Бұл геосаясат тұрғысында Ресейге тиімсіз. Қазіргі таңда Орталық Азия елдері ішінде Ауғанстанмен тығыз байланыс орнатып, қарым-қатынасын күшейткен Өзбекстан ғана. Жақында ел президенті Шавкат Мирзиеев Ташкент қаласында Ауғанстан басшысы Ашраф Ганиді қабылдап, қауіпсіздік, транспорт және есірткімен күрес салалары бойынша бірнеше құжатқа қол қойған.

“The Qazaq Times”