«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран өндірісін 20%-ға қысқартады. Компанияның хабарлауынша, өндіріс деңгейін нарықтағы сұранысқа сәйкес келтіру мақсатында, жер қойнауын пайдалану келісімшарттары бойынша жоспарланған өндіріс ауқымы азайтылмақ.
"Жоспарлы қысқартулар 2018 жылдың қаңтар айынан бастап іске енгізіліп, үш жылға созылады. Нәтижесінде, жалпы алғанда, үш жылдық мерзімде қазақстандық уран өндірісі шамамен 11 мың тоннаға қысқармақ. 2018 жылы шамамен 4 мың тоннаға кем уран өндіріледі деп күтілуде, бұл көрсеткіш «UxC» (4 - ші тоқсан UMO есебі) 2018 жылға болжаған әлемдік уран өндірісі ауқымының 7,5 % құрайды", - делінген баспасөз хабарламасында.
Қазатомөнеркәсіп бұл шешімі жөнінде барлық негізгі сатып алушыларына хабарлап, аталған іс-шаралар өнім жеткізу келісімдеріне кері әсерін тигізбейтінін растады.
Айта кетейік, Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында. Алайда мемлекет бұдан бұрын да (2017 жылдың қаңтары) әлемдік нарықтағы уран бағасын көтеру үшін өндірісті тағы 10%-қа қысқарту туралы шешім шығарған еді.