Иран 2015 жылы жасалған ядролық келісімді төртінші мәрте бұзуда. Екі күн бұрын Иран президенті келісім міндеттерін қысқарту туралы шешімін жария еткен. Кеше елдегі Форду ядролық нысаны уран байыту мөлшерін жоғарлатты.
Иранның Атом қуаты ұйымының айтуынша, бұл қадам Иран президенті және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі жоғары кеңестік шешімімен жасалып отыр. 2000 кг көлеміндегі UF6 ураны Натанз ядролық нысанынан Форду ядролық нысанына көшіріліп, жоғары деңгейде байытылады. Бұл 2015 жылы Иран мен 6 ел арасында қол қойылған ядролық келісім шарттарын бұзу саналады.
Алайда, Иран бұл қадамы туралы ескертіп келген. Ең әуелде президент Трамп Иран ядролық келісімін сынға алып, «жарамсыз келісім» ретінде бағалаған. Кейін Құрама Штат аталған келісімнен біржақты бас тартты. Иран АҚШ тарабынан келісімнің бұзылғанын алға тартып, Еуропа елдерін келісімді жалғастыруға шақырған. Егер Еуропа елдері келісімді қорғау үшін қадамдар жасамаса, Иран да келісімдегі міндеттерін қысқартатынын білдірген.