Ирак, Сүрия, Украина, Корей түбегінің қайшылықтарының күшеюі осыған дейін ең тартысты Израиль-Палестина қақтығысын ұмыттырғандай болды. Алайда, алдағы уақытта Израиль мен Палестина арасындағы қайшылық пен талас-тартыс жаңа деңгейге көтерілгелі тұр. Бұл қайшылық өңірдегі аса маңызды Иерусалим қаласы үшін талас болмақ. 1967 жылы Израиль Иерусалимнің шығыс бөлегін басып алды. 1980 жылға келгенде қаланы толығымен анекциялап, содан бергі уақытта бұл қаланы Израиль мемлекетінің орталық қаласы етуге тырысып келеді. Алайда, палестиналықтар да Иерусалимді өздерінің бас қаласы ретінде санайды.
АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп өткен жылғы президент сайлауының алдында, бір мезгіл басылып қалған Иерусалим дауының білтесін қайта тұтатқан еді. Ол өзінің Израильді қолдап, Құрама Штаттың бас елшілігін Тель-Авив қаласынан Иерусалимге көшіретінін айтқан еді. Бұл Иерусалимді Израильдің орталық қаласы деп ресми мойындау болып саналады.
BBC-дің хабарына қарағанда, Иорданияның Сыртқы істер министрі Айман Сафади: «Құрама Штаттың Иерусалимді Израильдің орталық қаласы деп тануының «қорқынышты салдарлары» болады», – деген пікірін айтқан. Ал, Трамп Израильға сайлау алдында берген уәдесін жақын арада орындайды деп күтілуде. Дегенмен, оның күйеу баласы Жаред Кушнер жақында жасаған мәлімдемесінде, «Қазірге, ешқандай шешім қабылданған жоқ», – деген. Айман Сафади АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен диалог кезінде бұндай шешімге барудың өңір тыныштығына ауыр апат алып келетінін ескерткен. Оның ескерту сөзіне Ақ үй тарабынан әлі жауап қайтарылмады.
Палестина президенті Махмуд Аббас халықаралық қолдаулар жинап, Трамптың шешімін өзгертуге әрекеттенуде. Жексенбі күні ол Түркия мен Франция президенттерімен сөйлесулер кезінде осы мәселені ортаға салған. Осыған дейін де Иерусалим статусын өзгертуге Палестинамен дипломатиялық қарым-қатынасты бұзуға тең деп ескертіп келген.
1948 жылдан бері АҚШ-тың бірқатар президенттері Иерусалим қаласы туралы мәселенің диалог арқылы шешілетінін айтып, Құрама Штат елшілігін Тель-Авив қаласында ұстап келді. Трамп алдағы уақытта сайлау алдындағы уәдесін орындау шешіміне келер болса, бұл Израиль-Палестина қақтығысының жаңа парағын ашқанмен бірдей болмақ.