Бүгін Қырғызстанның су жаңа президенті Сооронбай Жээнбеков қырғыз халқы алдында ант берді. Осыған орай, Қырғызстан БАҚ өкілдерінен бастап, шетелдік журналистерге дейін аталмыш оқиғаны жарыса жазуда. Жээнбеков болашағына әркім әрқалай болжам жасауда. Бірі Жээнбековты Атамбаевтың саясатын жалғастырады десе, енді бірі басқа жолды таңдайды деуде. 

Қырғызстанда президент сайлауының аяқталғанына бір айдан астам уақыт өтті. Бүгін аты шулы Алмазбек Атамбаев ресми түрде өзінің өкілеттік мерзімін аяқтады. Қараша айының 24-нен бастап Сооронбай Жээнбеков Қырғыз елінің алдағы алты жылдағы заңды президенті қызметін атқарады. Осы тұста соңғы уақыттары қазақ-қырғыз қарым-қатынасын шамасы келгенше ушықтырған «Атамбаев саясатын Жээнбеков ары қарай жалғастыра ма, жоқ па?» деген заңды сұрақ туады. Егер Қырғыз саясат сахнасындағы сценарий алдағы уақытта Атамбаев бастап бергендей жүретін болса, онда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы жағдай жақын уақытта шешімін табады деп айту өте қиын. Себебі ресми Астана Атамбаевтың соңғы уақыттары айтқан сөздерінен кейін, оның саясатын жалғастырушы адаммен қандай да бір мәмілеге келмесі анық. Бірақ, Сооронбай Жээнбеков сайлауда жеңіске жеткен күні журналистер алдында сөйлеген сөзінде: «Назарбаевты көрші елдің президенті ретінде сыйлаймын» деп мәлімдеді. Оның бұл сөзін көптеген сарапшылар жақсылыққа балап, «алдағы уақытта Қазақстанмен арадағы мәселелерді шешеді» - деп жұртшылықты сендірген болатын. Алайда, арада бір жарым ай уақыт өтсе де, Жээнбеков қазақ-қырғыз қарым-қатынасындағы дауға байланысты бір де бір рет мәлімдеме жасаған жоқ. Тек Ресейдің "РИА Новости" ақпарат агенттігіне берген сұхбатында ғана: «Қазақстанмен арадағы мәселе алдағы уақытта шешіледі» - деп қысқа қайырған. Оның ресми Астана мен Бішкек арасындағы дауға осы уақытқа дейін араласпауының себебі де жоқ емес. Біріншіден, ол осы уақытқа дейін Қырғызстанның президенті ретінде ресми қызметіне кіріскен жоқ. Екіншіден, Алмазбек Атамбаев Ұлттық Кеңес отырысында Жээнбековқа қандай жағдай болса да өзге елдің басшысы алдында бас имеу керектігін айтты.

Жалпы, Сооронбай Жээнбековтың алдағы уақытта Қазақстанмен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ ол Астана мен Бішкек арасындағы дауды қай уақытта шешетіні әзірге белгісіз. Өйткені жақында Сооронбай Жээнбеков Қырғызстан президенті ретінде өзінің алғашқы ресми іс-сапарын бауырлас Қазақстан немесе Өзбекстаннан емес Кеңестер Одағының мұрагері Ресейден бастайтындығы жайында ақпарат тараған. Бұл оның алдағы алты жылда Қырғызстанды қалай қарай бастайтынын меңзейді және соңғы бір айдағы қос ел арасындағы даудың желі қайдан есетінін байқатады. Бірақ Жээнбековтың алғашқы ресми іс-сапарын Ресейден бастауына таң қалудың қажеті жоқ. Өйткені осыдан алты жыл бұрын Алмазбек Атамбаев та ең алғашқы сапарын Мәскеудан бастаған болатын. Ол тіпті президент болмай тұрып Ресей басшысы Владимир Путинмен кездесіп, Мәскеу билігінің батасын алған. Бірақ арада алты жыл өткен соң президенттікке үміткер Өмірбек Бабановты Назарбаевпен кездескені үшін қатаң сынға алған. Бір қызығы, Атамбаев өзінің президенттік сапарын 2011 жылы Ресейден бастап, 2017 жылы 17 қарашада Ресеймен аяқтады.

Енді осы оқиғалардың барлығы Орталық Азия елдерінің бұрын соңды болмаған жақындасуы тұсында орын алғандығына келсек. Өзбекстанда билік басына Шавкат Мирзиеевтің келуімен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасқа қан жүргені белгілі. Қазақ-өзбек, Өзбек-қырғыз, Түрік-өзбек, Өзбек-тәжік, Түркімен-өзбек қарым-қатынасы тәуелсіздік алған 26 жылда болмаған нәтижелерге қол жеткізді. Бұның барлығы Шавкат Мирзиеевқа келіп тіреліп тұрған жоқ, әрине. Әлемде болып жатқан геосаяси жағдайлар Орталық Азиядағы барлық бауырлас мемлекеттерді бірігуге итермелеуде. Дәл осы бірігу тұсында осы уақытқа дейін әріптестігі мызғымастай көрінген Қазақ-қырғыз қарым-қатынасының ушығуы көңілге күмән келтіретіні сөзсіз. Жасыратын несі бар, шетелдік сарапшылардан бастап, Қазақстандық сарапшыларға дейін Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы даудың артында үшінші бір күштердің тұрғандығын айтуда. Батыс басылымдары Астана мен Бішкек дауының артында Мәскеу тұр деп есептейді. Олардың ойынша, Ресей билігі қазіргі Қазақ-қырғыз қарым-қатынасында Орталық Азияда ежелден ұстанып келе жатқан «бөліп алып билей бер» тәсілін қолдануда. Батыс сарапшыларының бұндай ойда болуының себебі де жоқ емес. Өйткені соңғы уақыттары Орталық Азиядағы интеграция бұрын соңды болмаған жылдамдықпен жүруде. Ал ол ұзақ жылдардан бері Орталық Азияны билеп-төстеп келе жатқан Ресейге ұнамайтыны анық. Сол себепті де Мәскеу бауырлас қос елдің арасына от салуда. Бір сөзбен айтқанда тарих қайталануда.

“The Qazaq Times”