Қараша айының 24-і күні Қырғызстанда Сооронбай Жээнбековтың инаугурациясы өтеді. Дәл осы күннен бастап Алмазбек Атамбаевтың өкілеттік мерзімі аяқталады. Осыған байланысты Атамбаев Қырғызстан Конституциясы бойынша, экс-президент мәртебесіне ие болады. Бұл оған алдағы уақытта қарапайым Қырғызстан азаматы ретінде қандай мүмкіндіктер береді?
Қырғызстан Ата Заңына сәйкес экс-президент мәртебесіне ие болған Алмазбек Атамбаев өзінің өкілеттік мерзімін аяқтағаннан кейін, Конституция бойынша қорғалатын болады. Атап айтқанда: 1. Атамбаевты және оның отбасын президенттік қызметі кезінде істеген істері үшін қылмыстық және әкімшіліктік жауапкершілікке тартуға болмайды. 2. Атамбаевтың иелігіндегі тұрғын үй және қызметтік ғимараттарға, автокөлік пен байланыс құралдарына, жеке мұрағаты мен құжаттарына қандай да бір азаматтың немесе ұйымның қол сұғуына тыйым салынады. 3. Экс-президенттің осы уақытқа дейін істеген істері үшін оны тергеуге және үйінде тінту жұмыстарын жүргізуге заң жүзінде тыйым салынады.
Бұдан бөлек Атамбаевтың өзі және отбасы өмірінің соңына дейін әуежайлар мен вокзалдарда ресми тұлғаларға арналған залдарды тегін пайдалануға, тегін медициналық қызмет алуға, почта, телеграф, байланыс қызметін тегін пайдалануға құқылы. Және де Атамбаев қызметінен кеткеннен кейін, оған ел үкіметі шетелдерге жасаған сапарлары мен отбасымен шипажайларда демалуына және коммуналдық қызметіне жыл сайын бюджеттен қаржы бөліп тұратын болады. Бұндай жағдай біздің елге де таңсық емес. Себебі осыған ұқсас мәртебеге соңғы кездері Атамбаев жиі сынайтын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасы да ие.