Жапонияның Хиросима қаласы адамзаттың бір жолғы трагедиясымен мәңгі есте қалды. Бұл оқиға адамдардың санасында болашақтағы үрейді жаңғыртып келеді. Дегенмен, Хиросима адамзат трагедиясының айғағы болумен бірге бейбітшіліктің жыршысы, жапонның қайсар мінезі мен асқақ рухының айғағы болып қалды. Екінші дүниежүзілік соғыста күлі көкке ұшқан Хиросима туралы BBC арнайы мақала жариялады. Хиросиманың тағдырлас мекені қазақ даласында да бар болғандықтан, оқырман назарына ұсынуға татиды.
Бүгінгі күнде Хиросимаға алғаш қадам басқан адам осы қаланы 70 жыл бұрын зұлмат жайлаған өлке деп ойламас еді. Оны меймандос, болашаққа сенімді, жап-жасыл шаһар күтіп алады. Алайда, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында, 1945 жылы тамыз айында америкалықтар Хиросимаға атом бомбасын тастады. Аралдың он мыңдаған тұрғыны бір сәтте көз жұмды, мыңдаған құрылыстар әп-сәтте күлге айналды; Қала жермен жексен болып, жанып біткен қағаздың күліндей бопырап қалды.
Сол кездегі «Манхэттен жоспарының» (Америкадағы суық қаруды жасап шығару программасының жасырын аты) қатысушысы Гарольд Жейкобсон: «Алдағы 70 жылда бұл жерде ештеңе өспейді және бұл жерді өзгертемін дегендердің бәрі ажал құшады», – деген болжам айтқан еді. Бірақ, Хиросиманың қайсарлығы трагедияның мекені ретінде ғана емес, дүниеге қайрат-жігер, үміт пен дем беруші ретінде қалды. Сол жылы күз айының өзінде, америкалық болжампаздардың айтқанын теріске шығарып, күлге айналған мекенде алғашқы өсімдіктер өсіп шыққан. Келесі жылдың жаз айында жиде ағашы гүл ашқан.
Табиғаттың бұл қайсарлығы хиросималықтар мен тұтас жапонға үлкен үміт пен төзім-қайрат сыйлады. Хиросиманы қайта қалпына келтіру үшін Жапонияның жер-жерінен көмек келе бастаған. Тіпті бұл қайсарлық алыс шетелдерді де тебірендіріп, Хиросиманың құрылыстарын, жолдарын, бау-бақшаларын қалпына келтіру үшін көмек қолдарын созған. Шын мәнісінде қаланы қайта құру және қалпына келтірудің негізі – 1949 жылы қаланың «Бейбітшілік қаласы» болып жариялануы болды. Жапонияда Хиросиманы қайта қалпына келтіру туралы арнаулы заң қабылданды.
1947 жылы өткізілген ең алғашқы «Бейбітшілік фестивалында» қаланың сол кездегі басшысы Шинзо Хамай: «Келіңіздер, біз планетамызды соғыстың зардабынан босатып, шынайы бейбітшілікті орнатайық», – деп еді. Жапонияның Хиросиманы қалпына келтіру туралы қабылдаған заңында, қаланың қалыбын ғана қайта құру емес, Хиросиманы әлемдік «бейбітшілік орнатуға ұмтылыстың символы» етіп құрып шығу қарастырылған. Сонымен әлемде алғаш рет бейбітшілік үшін өзін арнаған қала пайда болды. Қаланы аралай ағып өтетін Мотаясу өзенінің бойында «Бейбітшілік мемориалдық паркы» бар. Жалпы аумағы 12 гектар, онда көптеген тарихи естеліктер және көпке танымал Бейбітшілік қоңырауы бар.
Паркты аралай отырып, Мотаясу өзенінің жағасына барған адам қарсы жағадан «Ұрпақтар үшін» деп сақтап қойылған, жарылыста қираған құрылыстарды көреді. Онда Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Хиросиманың кешкендері анық көрініп тұрады. Сол ғимараттар арасында Купол Гэмбаку ЮНЕСКО-ның әлемдік бағалы мұрасы тізіміне енген. Оған жыл сайын миллиондаған туристер келеді. 1980 жылдан бері «Мэрлер бейбітшілік үшін» атты жоба атқарылып келеді. Бұл жобаны алғаш сол кездегі Хиросиманың мэрі Такеси Араки ойлап шығарған. Қазір бұл жобаға 162 мемлекеттен, 7469 қала қатысады. Өткен қазан айында тағы 16 қала қосылды. Мэрлер күнінде кедейлікпен күресудегі өз-ара көмектен тартып, көптеген әлемдік мәселелерде күш біріктіреді.
Міне осылай қайта қалпына келтірілген Хиросиманың бейнесі оның әуелгісінен әлде қайда қымбатты болып шыққан. Хиросималықтарды бейбітшілікке баулу бала жастан басталады. Бастауыштың төменгі сыныптарынан тартып, әр апта сайын бейбітшілік жұмалығына қатысады. Демалыс кездерінде көптеген студенттер ерікті болып, Мемориалдық паркте жұмыс істейді. Сонымен қазіргі Хиросима меймандос, ашық қала болып қалды. Хиросимаға барған адам жапондардың қайсарлығы мен биік рухына және хиросималықтардың бейбітшілікті жақтаушы ізгі көңіліне тағзым етпей кете алмайды. Бұл тұрғыда Хиросима әлемнің өзге елдері мен қалаларына үлгі болуға татиды.