Соңғы бірнеше жылдан кейін 2017 жылдың маусым айының ортасында ТМД елдеріндегі орташа айлық жалақы көрсеткішінде алғаш рет өсім байқалды. ТМД елдері арасында доллар эквиваленті бойынша орташа жалақы деңгейі жоғары ел - Ресей. Ал Қазақстан екінші орында тұр.
ТМД статистика комитетінің мәліметтеріне сенсек, ұйымға мүше елдерде соңғы төрт жыл ішінде доллар эквиваленті бойынша орташа жалақы өскен. Ал 2014-2015 жылдардағы кірістің азайып кетуі дағдарыс пен мұнай бағасының шамадан тыс төмендеп кетуімен байланысты екені айтпаса да түсінікті.
Дегенмен 2017 жылдың бірінші жартысындағы долларға қатысты валюта курстарының біртіндеп нығаюы, инфляцияның сәл де болса бәсеңдеуі кейбір елдердегі нақты жалақының ұлғаюына әсер еткен. Мысалы 2017 жылдың маусым айында Ресейде бір қызметкердің орташа жалақысы 711,49 доллар немесе 42 042 рубльге тең болған. Ал быр жыл бұрынғы маусым айындағы көрсеткіш 599,05 долларды (38 447 рубль) құраған. Осылайша, бір жылда кіріс доллармен 18,8%-ға, ұлттық валютада 9,4%-ға артқан.
Ресейлік статистика комитетінің мәліметінше, ең жоғары орташа жалақы соңғы рет 2013 жылдың желтоқсан айында тіркелеген - 1214 доллар. Ал 2017 жылдың қаңтарындағы есеп бойынша орташа жалақы 587,92 долларға дейін қысқарған.
Қазақстан көрсеткіш бойынша екінші орында тұр. ҚР Элттық экономика министрлігінің ресми мәліметінше, осы жылдың 2 тоқсанындағы орташа жалақы - 149 951 теңге немесе 489,74 доллар (2017 жылы 29 шілдеде 1 доллардың ресми курсы 326,74 теңгеге тең болды).
ТМД статистика комитетінің мәліметінше, 2016 жылы қазақстандықтардың орташа айлық кірісі 418,83 АҚШ долларын құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 26,4%-ға төмендеген. Ал 2017 жылдың екінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда халықтың орташа айлық кірісі доллармен есептегенде 11,4%-ға өскен. Дегенмен Қазақстан азаматтарының доллар эквиалентіндегі кірісі 2013 жылдың желтоқсанында тіркелген ең жоғарғы көрсеткішке, яғни 889,66 долларға жетуі екіталай.
Жалпы шикізат бағаларының, соның ішінде мұнай және мұнай өнімдері бағасының төмендеуі ұлттық валюталардың әлсіреуі салдарынан Ресей мен Қазақстанда орташа жалақының долларлық эквиваленті айтарлықтай төмендеді. Тіпті Еуразиялық экономикалық комиссия екі елдің экономикасы шикізат тауарларының бағасының құбылмалығына тәуелді екенін айтады.
Орташа айлық жалақы көрсеткіші бойынша Беларусь үшінші орында тұр. Маусым айында аталған елде орташа жалақы 819,3 беларусь рублін құраған долларға шаққанда 424,51 доллар. 2016 жылдың маусымымен салыстырғанда көрсеткіш доллармен есептегенде 15,5%-ға, ұлттық валюта бойынша 10,9%-ға артқан.
Беларусь статистка комитетінің мәліметтері бойынша тамыз айында орташа жалақы 844,4 беларусь рубліне жеткен. Республика жетекшілігі бұл көрсеткішті 2017 жылдың соңында 500 долларға, яғни 2011 жылғы қаржы дағдарысына дейінгі деңгейге жеткізуді жоспарлауда.
Ал Арменияда бірнеше жылдардан бері орташа жалақының динамикалық өсуі байқалады. Осы жылдың маусым айында елдегі орташа айлық жалақы 400,92 доллар немесе 192,63 мың драм болған және бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары деңгей.
Бұдан бөлек, есепті кезеңде Арменияда долларға шаққандағы драм бағамы 0,8% -ға әлсіреген, нәтижесінде АҚШ доллары бойынша азаматтардың кірісі 12 айда (2016 жылдың маусымы мен 2017 жылдың маусымы) 4,3%-ға өскен. Десек те Достастық елдерінің арасында Армения инфляциясы ең төмен ел - 2017 жылдың қаңтар-маусым айларында елдегі азық-түлік тауарлары 1,2%-ға ғана қымбаттаған.
АҚШ долларымен есептегенде халықтың табысы қысқарған жалғыз ел -Әзербайжан. 2017 жылғы маусымда елдегі орташа айлық жалақы 530,5 мың мандатты құрады, бұл 311,69 долларға тең. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,3%-ға төмендеген.
АҚШ долларына қарсы Әзербайжан мандатының бағамы бір жыл ішінде 10,5%-ға арзандады, тиісінше, номиналды жалақының жылдық өсімі болмағандықтан курсық айырмашықты есептеуге кедергі болған. Осылайша елдегі инфляция 5%-ға жеткен, ал халықтың атаулы жалақы өсімі 5,1%.
Украина доллар эквиваленті бойынша орташа айлық жалақы мөлшері азайған елдер қатарында үшінші орында. Гривеннің күрт төмендеуі 2014-2016 жылдардағы саяси оқиғалардың салдарынан болғаны белгілі. Яғни осыдан кейін өнеркәсіптің құлдырауы, экспорттың төмендеуі және валюта аударымдарының азаюы салдарынан ұлттық валюта құлдырады. Елдегі жалақы доллар эквиваленті бойынша соңғы бірнеше жылда айтарлықтай төмендеді.
Дегенмен, сыртқы экономикалық ахуалдың тұрақтануы аясында 2016 жылы елдегі орташа жалақы өткен жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға, 193 доллардан 203 долларға дейін өсті. Ал 2017 жылдың маусымында 282 долларға жетті, тіпті гривеннің 5,1%-ға әлсірегенін есепке алған күннің өзінде 12 айдағы өсім 31,2% болған. Осылайша Достастық елдері арасында Украина орташа жалақы өсімі жақсарған мемлекет болып отыр.
Қырғызстанда 2016 жылғы маусымнан бастап 2017 жылғы маусымға дейін елдегі орташа айлық жалақы сом бойынша 6,6%-ға, доллармен 4%-ға артып, 238,79 долларды құрады. Айта кету керек, Қырғызстан орташа айлық жалақыны қалыпты деңгейде сақтап отыратын елдер қатарында.
Орташа айлық жалақы деңгейі бойынша ең соңғы орында Тәжікстан. Осы жылдың маусым айында мұнда орташа айлық жалақы 1323,7 сомони болды, немесе 150,25 АҚШ долларына тең. Тәжікстандағы орташа жалақы Қазақстанға қарағанда үш есе аз, дегенмен елдегі кірістің өсу қарқыны өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда, ұлттық валютада 28,7%-ға және долларға қатысты 15%-ға өскен.
Десек те 2017 жылы орташа айлық жалақы өскеніне қарамастан, ТМД елдеріндегі халықтың табысы өте төмен болып отыр. Себебі басқа елдердегі жалақы ТМД елдерінікнен 4-5 есеге жоғары. Мысалы Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша, 2017 жылы салық төлемінен кейін ең жоғары жалақы Швейцарияда тіркелген - 3385 АҚШ доллары, Норвегияда 3 781 АҚШ доллары. Ал Люксембургтегі жұмысшы халықтың орташа жалақысы 3565 АҚШ долларын құрайды. Қазақстан бұл рейтингте Черногория мен Кения арасында, 85 орында тұр.