АҚШ-та тұратын Фетхуллах Гүленді ұрлап шығып кетуге әрекет етті деген мәліметті Анкара жақ теріске шығарды. Уашингтондағы Түркия елшілігі жасаған мәлімдемеде «бұл жақынғы жылдардағы ең үлкен саяси күлкілі іс» деді. Бұл туралы BBC-дің ресми сайты хабарлады.

Түркия билігі Фетхуллах Гүленді 2016 жылғы іске аспай қалған әскери төңкерісті ұйымдастырушы деп айыптап келеді. АҚШ-тағы Түркия елшілігінің мәліметінде: «Анкара жақ Фетхуллахты сот алдында жауап беру үшін АҚШ-тан Түркияға экстрадиция жасалуын күтіп отыр», – деп мәлімдеп, Түркия бұл қадамға заңды жолмен жетуге тырысып отырғанын алға тартуда.

Түрік елінің басшысы Режеп Тайып Ердоған Гүленді экстрадициялау үшін бірнеше рет әрекет етіп көрген. Алайда, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының бұрынғы жетекшісі Жеймс Улсидің берген мәліметіне қарағанда Түркия жақ наурыз айында Фетхуллах Гүленді ұрлап кетуді жоспарлаған. Президент Трамптың қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Майлд Флинн өткен жылдың қазан айында Түркия үкіметінің ресми өкілдерімен Гүленді шығарып кету туралы ақылдасқан деп айыпталуда. Тіпті олар бұл операция үшін 15 млн АҚШ долларын аударуға келіскені туралы мәлімет бар. Дегенмен Майкл Флинн бұл айтылғандарды теріске шығарып келеді.

АҚШ-тың танымал басылымы «WSJ» болса, Майкл Флин мен Түркия үкіметінің өкілдері Гүленді жекелік ұшақ арқылы Түркияның Имралы аралындағы түрмеге жеткізу туралы ақылдасқан болуы мүмкін дегенді жазады. Аталған басылымының хабарына қарағанда, бұл іс Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына араласу ісін анықтау кезінде белгілі болған.

“The Qazaq Times”