Германияда өтіп жатқан климат өзгерістеріне байланысты халықаралық отырыста, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2017 жылы атмосферада көмір қышқыл газының (CO2)бөлініп шығуы артып кеткенін, бұл төрт жылдан бері болмаған жағдай екенін мәлімдеді. БҰҰ-ның мәліметіне қарағанда, бұған себеп болған жағдай, Қытайдың өндіріске көмірді көбірек қолдануынан болған. Бұл туралы BBC онлайн қызметі хабарлады.
Зерттеушілердің пікіріне қарағанда, бұл үрдіс жалғаса беретін болса, 2020 жылға барғанда көмір қышқылының ауадағы мөлшері ең жоғары шекке жетіп, қайталай тізгінделмесе ғаламдық жылынуды таңқаларлық жағдайда тездетеді екен. Көмір қышқыл газының ауадағы мөлшері жылына үш пайызға жоғарлау процесі 2014 жылға келгенде тежелген еді. Одан кейін әлем экономикасының саябырсуына байланысты өндірістерден бөлінетін көмір қышқыл газының мөлшері төмендей бастап еді. Зерттеушілер қазірдің өзінде ауадағы CO2-нің мөлшері ең жоғары шекке жетті деп болжайды.
БҰҰ жариялаған мәліметке сәйкес, CO2-нің мөлшері 2017 жылы 2 пайызға артып отыр. Оған Қытай экономикасының өсуі мен көмірді көптеп қолдануы себеп болған. Қытайда болған құрғақшылықтан өзен деңгейлерінің төмендеп, су арқылы алынатын электр қуаты азайған. Бейжің билігі оның орнын толтыру үшін жылу электр станцияларында көптеп көмір істеткен.
Кезіндегі «Париж келісіміндегі» талаптар негізінде, АҚШ пен Еуропа елдері көмір қышқыл газының бөлінуін азайтты. Бірақ, келісімде белгіленген шекке дейін төмендете алмады.