Қырғызстанда президент сайлауының аяқталғанына бүгін 25 күн болды. Сол уақыттан бері сайлауда жеңіске жеткен билік партиясының өкілі Сооронбай Жээнбековтың басты қарсыласы болған Өмірбек Бабанов халық алдына шыққан жоқ. Жақында ел билігі оның үстінен қылмыстық іс қозғады. Сол уақытта оның Қырғызстан аумағында жоқ екендігі белгілі болды. Осыған байланысты бүгін біз «Өмірбек Бабанов сотталса Қырғызстанда не болады?» деген сұрақ төңірегінде әңгіме қозғайтын боламыз.
Қырғыз елінде президент сайлауының аяқталғанына бір айға жуық уақыт өтті. Бірақ ресми Бішкек маңындағы саяси тартыс әлі басылар емес. Жақында қараша айының 5-нен 6-сына қараған түні «Ата Мекен» оппозициялық партиясының мүшесі Аида Салянованың інісі Ұлан Салянов үйінде атып өлтірілді. Осы жағдайдан кейін «Ата Мекен» партиясының өкілдері бұл оқиғаның саяси астары бар деп мәлімдеді. Бірақ құқық қорғау органдары аталмыш жағдайды Аида Салянованың қызметімен мүлде байланыстырмайтынын айтты. Алайда шетелдік сарапшылар мен Қырғызстан журналистері ІІМ-нің бұл мәлімдемесіне қараша айының 7-сі күні қамаудағы саясаткер, «Ата Мекен» партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаевтың адвокаты Қанат Хасановтың үйіне шабуыл жасалып, Текебаев ісіне қатысты құжаттар ұрланғаннан кейін күмәнмен қарай бастады. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені осы оқиғалардан кейін іле-шала Қырғызстан Бас прокуратурасы Өмірбек Бабановтың үстінен қылмыстық іс қозғады. Осы оқиғалардан кейін көптеген сарапшылар «Атамбаев билігі елдегі саяси бәсекелестеріне қарсы басып-жаншу науқанын бастауда» деген ойлар айта бастады. Ал президент сайлауынан бері Ресейде ем қабылдап жатқан Өмірбек Бабановтың өзі елде болып жатқан жағдайларға байланысты өзінің Facebook парақшасында: «Менің үстімнен қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар. Билік қырғыз елінің басты жауы Бабанов емес екендігін әлі күнге дейін түсінген жоқ. Мені саясат алаңынан аластатып тастағанмен елдегі проблемалар шешіліп кетпейді. Ерте ме, кеш пе шындық ашылады» - деді. Өмірбек Бабановтың осы мәлімдемесінен кейін шетелдік БАҚ өкілдері мен қырғызстандық журналистер «Бабанов елге оралса соттала ма?» «Бабанов Қырғызстаннан қашып кетті ме?» деген сұрақтарға жауап іздей бастады.
Енді «Өмірбек Бабанов дәл қазір Қырғызстанға қайтып оралса не болады?» деген сұраққа біз де жауап іздеп көрсек. Соңғы бір аптада қырғыз елінде болып жатқан жағдайларды ескеретін болсақ, Бабанов дәл қазір Қырғызстанға қайтып оралатын болса, онда оның сотталуы әбден мүмкін. Себебі Текебаевтың адвокатының үйіне жасалған шабуылдан бастап, Аида Салянованың інісінің өліміне дейінгі жағдай кез келген адамды осындай ойға жетелейді. Егер соңғы уақыттары «алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп» жүрген Атамбаев билігі Өмірбек Бабановты түрмеге жабады деген ойды ары қарай дамытатын болсақ, онда қырғыз елінде сөзсіз кезекті революция басталуы мүмкін. Өйткені қазірдің өзінде бұрынғы сайлау кезінде 80 пайыздан астам халқы дауыс берген Талас облысы Атамбаевқа халықтан кешірім сұра деген желеумен бейбіт шерулер ұйымдастыруда. Ал оған Бабановтың түрмеге жабылғаны қосылатын болса, онда екі президентті күшпен алып тастаған халыққа ресми Бішкектің қарсы тұратын қауқарының болу- болмауы үлкен сұрақ. Сол себепті Атамбаев билігінің бұндай қадамдарға баруы екіталай. Ең ұзағанда ресми Бішкек Өмірбек Бабановқа президент сайлауында айтқан сөздері үшін айппұл салуы мүмкін. Бірақ кейбір шетелдік сарапшылар Қырғызстан Бас прокуратурасы Өмірбек Бабановтың үстінен қылмыстық істі оны соттау немесе айыппұл салу үшін қозғаған жоқ деп есептейді. Олардың ойынша, Атамбаев билігі Бабановты осы қылмыстық іс арқылы саясат сахнасынан, Жоғары Кеңестегі депутаттық мандатынан айырғысы келеді. Бұны Бабановтың өзі де іштей сезетін сияқты. Өйткені ол өзінің Facebook парақшасында жариялаған мәлімдемесінде: «Мені саясат алаңынан аластатып тастағаннан елдегі проблемалар шешіліп кетпейді» деген болатын.
Қорыта келгенде, қазіргі таңда кім не деп айтса да Қырғызстанда билік басына үш мың адамның қанымен келген Атамбаев, саясат алаңынан қарсыластарын тазарту жұмыстарын жүргізуде. Бұндай жағдай біздің елге де таңсық емес. Қазақ елі де өз кезінде осыған ұқсас жағдайларды басынан өткерген болатын. Ол кезде де Қазақстан оппозиция өкілдерінің бірі шетелге кетіп, бірі түрмеге жабылып, бірі оққа ұшқан еді. Жалпы соңғы уақыттарда өзге елдің билігін сынап жүрген Атамбаев дәл сол елдің басшысы жасаған қателіктерді өзінің де қайталап жатқанын байқамай қалған тәрізді.