БТА Банктің экс-басшысы, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов қазақстандық бизнесмендер Патох Шодиев пен Әлижан Ибрагимовке қарсы куәгерлік ету арқылы Бельгия азаматтығын алмақ - деп хабарлайды «Dispatch Weekly» газеті.
Басылым мәліметінше, Мұхтар Әбілязов осы уақытқа дейін Бельгия комиссия президенті Дирк Ван дер Маеленмен құпия кездесулер өткізген. Әбілязов аталмыш кездесулерде Бельгияда «2011 жылы Бельгия құзырлы органдарына пара ұсынды» деген айып тағылған қазақстандық бизнесмендер Патох Шодиев пен Әлижан Ибрагимовке қарсы куәгерлік ету жайында келіссөздер жүргізген. Кездесу барысында Әбілязов Дирк Ван дер Маеленмен Шодиев пен Ибрагимовқа қарсы куәгерлік еткені үшін Бельгия азаматтығын алу және Қазақстан, Ресей, Украина, Ұлыбритания мемлекеттеріне өзін экстрадицияламау жайында келісімге келген.
Естеріңізге салайық, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбілязов қазіргі таңда Францияда тұрады. Оған Қазақстан билігі 2005-2009 жылдар аралығында БТА Банктің 6 миллиард доллар қаржысын жымқырды деген айып тағып, сырттай 20 жылға соттаған болатын.