Қырғызстанда қамаудағы оппозициялық саясаткер Өмірбек Текебаевтың адвокаты Қанат Хасановтың үйіне шабуыл жасалды.

Қараша айының 7-сі күні таңғы сағат төртте сегіз жылға сотталған оппозициялық саясаткер, «Ата Мекен» партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаевтың қорғаушысы Қанат Хасановтың үйіне белгісіз адамдар шабуыл жасаған. Олар көп қабатты үйде тұратын Хасанов пәтеріне бірінші қабаттағы терезе арқылы кіріп, Текебаев ісіне қатысты құжаттарды қолды еткен. Осы оқиғадан кейін Хасанов өзінің Facebook парақшасына: «Мен бұл жағдайдың саяси астары бар деп ойламаймын. Бірақ олар үйдегі теледидар немесе басқа құнды заттарды алудың орынына Текебаев ісіне қатысты құжаттардың көшірмесі жинақталған папканы қолды етіпті» - деп жазған.

Естеріңізге салайық, бұған дейін қараша айының 5-нен 6-сына қараған түні тағы бір «Ата Мекен» партиясының мүшесі, оппозициялық саясаткер Аида Салянованың інісі Ұлан Саляновтың үйіне белгісіз адамдар шабуыл жасап, үй иесін атып кеткен болатын. Ауыр жарақат алған Ұлан Салянов жергілікті ауруханалардың бірінде көз жұмған. Осы оқиғадан кейін Қырғызстанда танымал құқық қорғаушы Динара Ошурахунова «Атамбаев биліктен жиіркенішті түрде кетіп барады» деп мәлімдеген. Ал «Ата Мекен» партиясы өкілдері аталмыш оқиғаның саяси астары бар екендігін айтқан.

Бұдан бөлек Қырғызстан Бас прокуратурасы бірнеше күн бұрын сайлау кезінде билік партиясының өкілі Сооронбай Жээнбековке басты қарсылас болған Өмірбек Бабановтың үстінен қылмыстық іс қозғаған. Бұл жерде де Өмірбек Бабановтың өзі және жақтастары бұл істің саяси астары бар екендігін және сайлаудан кейін осындай жағдай болатынын алдын ала білгендіктерін айтқан болатын. Осы уақытқа дейін Қырғызстанда соңғы бір аптада болған жағдайларға байланысты ел президенті Алмазбек Атамбаев ешқандай мәлімдеме жасамаған. Бірақ президент әкімшілігі баспасөз қызметі «қараша айының 15-сі күні Алмазбек Атамбаев қорытынды баспасөз мәслихатын өткізеді» деген ақпарат таратқан.

“The Qazaq Times”