Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (World Trade Organization,қысқаша WTO немесе ДСҰ) Қытайдың мүше болғанына 16 жыл болды. Әлемнің екінші ірі экономикалық тұлғасы аталған Қытай мен Еуропа елдері және АҚШ-тың сауда-саттық байланысы құбылмалы күйде. Бұл құбылыс ДСҰ-ның өзіне де төнетін қатерлерді күн санап арттыруда. Әлем экономикасындағы және сауда-саттықтағы өрескелдіктері мен ДСҰ-дағы жолсыздығы туралы "WSJ" басылымы сараптай отырып жазды.
Сауда ұйымы Қытайдың Батыс елдерімен сауда қатынасында ережеден шығып кетпеуін қадағалауы керек еді. Алайда, бұл қағида толық орындалмады. Керісінше, ДСҰ Қытайды еркінсітіп, оның әлем саудасына қожа болғысы келген ойына жәрдемдесіп, арзан өнімдердің әлемді кезіп кетуіне жол беріп қойды. Бұдан әлем елдерінің ішкі саудасы кері әсерге ұшырап отыр.
АҚШ президентінің сауда кеңесшісі Питер Наварро (Peter Navarro) аталған мәселе туралы: «Дүниежүзілік сауда ұйымы Қытай қатарлы елдердің әділетсіздікпен қалыптастырған проблемаларын шешуге дәрменсіз қалып отыр. Соның салдарынан АҚШ та ырықсыз күйге тап болды. Бұл ретте АҚШ-тың ДСҰ-ға жолдаған талабы айқын. Яғни, біз бұл жағдайды өзгертуді ашық талап етеміз», – деген пікір білдірген.
АҚШ-тағы екі партия да бұл мәселеге аса сақтықпен назар аудара бастады. Соның нәтижесінде АҚШ-та бұл мәселе ел мүддесіне тікелей байланысты іс ретінде қоғам назарына ілінді. Ал Құрама Штаттың қазіргі президенті Трамп мұндай еркін сауда келісімдерінің бәріне күмәнді, аса сақ саясат ұстанды. Сондықтан да бұл бейберекет сауда тығырыққа тірелгендей. Трамп үкіметі осыған қатысты бірқатар арыз-шағымды сауда ұйымының қарауына жолдап үлгерді.
Қытай өзі айтқандай базар экономикасын дамыта алды ма? Қытай билігі АҚШ пен ЕО-ның ДСҰ-на жолдаған арыздарына қарата, өздерінің сауда экономикасындағы орынын мойындауды талап етіп отыр. Егер, Қытайдың базар экономикасындағы орны мойындалған болса, өзге елдер Қытай тауарларының ағылып кіруін тосып қала алмайды. Қытай билігі Батыс елдерінің бұл шағымын, өзара бірігіп Қытай сауда-саттығына кедергі келтіріп отырғаны деп қарайды. АҚШ президенті осы аптада Бейжіңге сапарлай барып, Қытай үкіметінің жоғары лауазымдыларымен кездеседі. Осы орайда да Трамп Қытай басшыларына аталған сұрақты қоюы мүмкін.
Еуропада Қытайдың саудадағы әділетсіз өндіріп таратуына қарсылық жиілей түсуде. Осыдан бұрын Бельгия мен Германияның болат-темір зауыттарының жұмысшылары ереуілге шығып, Қытайдың әділетсіз саудасына наразылық білдірген. Еуропа мәжілісінде 546:28 дауыс салыстырмасымен Қытайдың базар экономикасындағы орны мойындалмады. Италиялық шенеуніктердің бірі: «Қытайдың базар экономикасындағы орнын мойындау – Еуропаның болат-темір өндірісін өз қолымызбен құртып жібергенмен бірдей», – деп ашық пікір білдірді. Ал, мұндай шағымдар мен пікірлер АҚШ-та да қызу жүруде. Биыл маусым айында Трамп үкіметінің сауда өкілі Роберт Лайтайзер (Robert Lighthizer) АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Тиллерсонға: «Бұл АҚШ-тың ДСҰ-дағы ең маңызды шағымы. Егер бұл дауда Қытай жеңетін болса, онда ДСҰ адамзатқа апат алып келген ұйым болғаны», – деген еді.
WTO өткен ғасырдың 90 жылдарында Мараккода құрылғанда, «Салық пен сауда істерінің жалпы келісімі» (General Agreement on Tariffs and Trade, қысқаша GATT) деген көлемі шағын ұйым болатын. Ал аталған ұйым халықаралық сауданы бақылаушы маңызды органға айналған кезде, қырғи-қабақ соғысы аяқталып, әлемдегі экономикалық ірі тұлғалар саналатын елдердің теңдессіз ел саналған АҚШ-тың төңірегіне топтасатын керемет орай болып еді.
Өткен 70 жылдың ішінде GATT пен WTO еларалық селбестіктерді ілгерілете түсті. Женеваның нұсқауымен әлемдегі салық 80%-ға дейін төмендеп, сауданың әлемдік нарықтағы үлесі бір еседен асып түсті. Қазіргі таңда ДСҰ-да 160-тан астам мүше мемлекет бар. Осы мүше елдердің саудасы әлем сауда ісінің 98%-ын ұстайды. Ұйымға мүше емес елдердің өзі де қазіргі күнде ДСҰ-ға кіруге талпынуда.
Дүниежүзілік сауда ұйымының шарапатын көрген елдердің бәрі де аталмыш ұйымға кір жұқтырғысы келмейді. Яғни, олар ДСҰ өзінің әлемдік саудаға бақылаушылық міндетін ада етіп келеді деп қарайды. ДСҰ-ның бас атқарушысы Роберто Азеведоның (Roberto Azevedo) айтуынша, ДСҰ 2008 жылғы финанс дағдарысын біржайлы еткеннен кейін де сауда соғысы қайта өрши түскен. АҚШ экономикасында «ұлы депрессия» (Great Depression) туындаған соң да, бүкіл әлемдік сауда соғысы бұрқ ете қалған. Ол кезде бұл соғыс депрессияны одан ары күшейтпесе, бәсеңдете алмайды. Шын мәнісінде де ДСҰ болмаған болса, онда жағдай бұдан да мүшкіл әрі қасіретті болар еді.
Роберто Азеведо сөзінде: «АҚШ-тың ДСҰ-ға Қытайды бір жайлы етсін деген талабы шындықтан алшақ. Себебі, ұйымда әлемнің 160-тан астам елі бар. Қытай да соның бірі, әрі өзіндік заң-түзімі мен сауда тәсілі бар ірі ел. ДСҰ-ның өзі де осындай көп салалықты негіз етеді», – деді. Дегенмен шағым иесі елдер ДСҰ-ның құрылымына, жарғыларына реформа жасауды қатаң талап етуде. Халықаралық саудадан болған қақтығыстарды шешу үшін 1999 жылы өткізілген екі реткі кеңейтілген мәжілістің нәтижесі 2015 жылға келгенде ғана көріне бастады. Бұл барыста ДСҰ-ның ережелерінің төрттен бір бөлегіне өзгертулер мен толықтырулар жасалды. Бұл Дүниежүзілік екінші соғыстан кейінгі ең ұзақ күрестің бірі болып тарихта қалды.
Бұл сәтсіздіктен кейін ұйымның ереже шығарушы және бекітуші орындары қырағы бола түсті. Себебі мүше елдер ДСҰ-ны елдердің мүддесін әділдікпен қорғайтын арқа сүйері ретінде санайды. Сонымен бірге, ұйым құрамындағы елдер барынша өз мүдделерін қорғауға тырысады. Ұйымда қалыптасқан проблемаларды шешім шығарушы мамандар тобы бар. ДСҰ-ның сот кеңесі осы мамандар тобының шешіміне жүгінеді. Ал, ДСҰ соты ереже бұзған елдерге санкция сала алады. Қытай болса ДСҰ сот кеңесінде ең белсенді билік айта алатын елдердің бірі саналады.
Қытайдың ДСҰ-ға мүше болған 2001 жылы ұйым ішінде ауқымды реформалар жасалып жатқан. Қытайдың ұйымға мүше мерзімі онша ұзақ еместігіне қарамастан, ұйым ішінде төрелік айта бастағанына көп болды. Қытайдың ұйымға мүше болуына қойылатын талаптарда біршама көп болды. Себебі, ол кезде әлем Қытай экономикасына үлкен сенім артқан.
ДСҰ-ға мүше елдердің ұйымдағы өкілдері мен Женевадағы мүшелері бір қызмет тобы саналып келді. Бірақ, Қытай жағы Женевада ақылға сиымсыз қызмет группалары мен орган құрған. Оны Қытайдың Әлемдік сауданы басқару өкілетті ұйымы (Permanent Mission of the People’s Republic of China to World Trade Organization) деп атаған.
Бастапқыда Қытай үкіметі ДСҰ-дағы сот кеңесіне мүше болуды қаламаған. Ұйымға кірген бес жыл ішінде тек бір-ақ рет шағым кіргізген. Алайда, елдің экспорты жедел артып, қысқа уақыт ішінде әлемдегі ең ірі экспорттаушы ел айналды. Осыдан кейін ғана ұйым Қытай саудасына қадағалауды арттыра бастады.
2007 жылдан бері Қытай өз елінің өнеркәсібін қорғауды және көптеген елдердің Қытай базарына кіргенін желеу етіп, ДСҰ-дағы кеңесші елдердің біріне айналды. Бірнеше күрделі дау-дамайға Қытайдың ұйымдағы өкілдері белсене араласып, төрелік айта бастады. Осындай қадамдар арқылы өз орнын біртіндеп бекемдей түсті. Тіпті Қытай үкіметінің адвокаттары бірнеше реткі сот отырыстарында АҚШ-ты да жеңіп кететін болды. Бұл Қытайдың ұйымдағы орынын жоғарлата түсті.
2011 жылдан 2017 жылдың мамыр айына дейін АҚШ үкіметі Қытайдың экспортын қолдаумен ғана шектелді деп қаралды. Дегенмен бұл сөздің негізі жоқ. Осы жылдарда АҚШ пен Қытай арасындағы сауданың берекесі болған жоқ.
ДСҰ-ның атқарушы адвокаттарының қарауынша, АҚШ-тың Женеваға жолдаған шағымынан кейін, Уашнигтон тарабы қосымша шағымдарды да жөнелтіп, ұйымның құқық қорғау органдары арқылы әділеттілікті талап етсе ғана нәтиже шығара алуы мүмкін.
Ал Қытайдың АҚШ-та тұратын елшісі Сүй Тиянкай Қытай телеарнасына берген сұхбатында елдерін ақтай сөйлеп: «ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін, Қытай осы ұйымның заңдарына, ережелеріне бойсұнып келді. Әрине, мәселелерде толықтай алқау алды дей алмаймыз. Дегенмен, заңға қайшы іс болмады. Біз АҚШ - тың да біз секілді болуын қалаймыз», – деген.
АҚШ-тың Қытай үстінен шағымдануы сол елдегі сауда әлемінде үлкен алаңдаушылық тудырды. ДСҰ ғасырымыздағы аса күрделі сауда қайшылықтары мен АҚШ жолдаған шағымға шешім шығара ала ма? Дегенмен, әлемдік танымал сарапшылар ДСҰ-ны ірі елдер арасындағы қайшылықты шешуге дәрменсіз деп қарайды.
Бір сөзбен айтқанда Қытай ДСҰ-ға мүше болғаннан кейін, жымысқы саясат қолданып, ұйымдағы ықпалын кеңейтті. Ұйымдағы ықпалынан пайдаланып, ДСҰ-ның өзін қалқан етіп, әділетсіз сауда мен мөлшерден тыс өнім шығарып әлемдік сауда-саттықты миша былықтырған. Онымен қоймай жасыл шардың бетінде құлашын барған сайын кеңге сермеуде. Бүгінгі күнде Батыс елдерінің наразылығына ұшыраған Қытай, өздерінің жақтаушыларын көбейту мақсатында көптеген елдерге экономикалық тығыз байланыстағы, дос ел ретінде көрінуге тырысып келеді.