Алматы облысында биыл қант қызылшасының алқабы 9 мың гектарға жетті. Одан 35 мың тонна, яғни рекордтық өнім алынады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде айтты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мысалы Көксу қант зауыты үш жыл қатарынан жаңғыртудан өткен, 10 жыл тоқтап тұрған Ақсу қант зауыты биылғы жылы қалпына келтіріліп, 40 мың тонна қант қызылшасын қабылдады. «Жетісу» ӘӘК-ні тарта отырып, 18 сервистік дайындау орталықтары құрылды. Осының барлығы қант өндірісіне оң ықпал ететін болады.
Әкімдіктің мәліметінше, заманауи ауыл шаруашылығы техникалары мен элиталық тұқым пайдаланудың нәтижесінде жекелеген шаруа қожалықтарында әр гектардан жиналған өнім 500-700 центнерге дейін жетуде. Сөйтіп, биылғы жылдың өнімі 350 мың тоннаны құрайды деп болжанып отыр.
"35 мың тонна қант алсақ, өңірдің қантқа деген сұранысын толық жаба аламыз. Біздің мақсатымыз – облыстың ғана емес, еліміздің қантқа деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету", - деді А. Баталов.