Жапония түрлі технологияларды дамытыу арқылы әлем елдеріне үлгі болып келеді. Әсіресе нанотехнологияларды жетік меңгеруінің арқасында қазіргі халықаралық аренада жаңа беделге ие болып отыр. Жапонияның осылай танымал болуына ықпал етіп отырған озық технологияларының бірі - Шинкансэн деп аталатын жоғары жылдамдықты пойызы. Ал бұл пойыз туралы нені білуге болады? Қысқаша тоқталып көрейік. 

Шинкансэннің бірнеше түрі бар. Мәселен,  «Хаябуса» (сұңқар) — жасыл түсті, бүйірінде қызғылт жолағы бар ұзын тұмсық пойыз,  Токио мен Шин - Аоморидің арасын жалғайды. 2011 жылдың 5 наурызында алғаш жолға шыққан «Хаябусаның» ең жоғары жылдамдығы 320 км/с. Ұзын тұмсықты суперпойыздың түсі мен пішіні «сұңқардай самғау» мағынасын бейнелейді. «Хаябуса» Токио мен Шин -Аомори арасын (674,9 шақырым) 3 сағат 10 минутта басып өтеді. «Хаябусаның» 15 метрлік тұмсығы сығылған ауаның толқын күшін азайту үшін жасалған.

«Хаябуса» шинкансэнінің вагоны «Gan Class»  бірінші деңгейлі ұшақ үлгісімен жобаланған. Салондағы жанға жайлы атмосфера жолаушылар ұшақта отырғандай сезіну үшін жасалған. Орындықтары автоматты басқару арқылы қозғалады. Арқасы 45 градусқа шалқаятын орындықтың арнайы тетігін басу арқылы жолсерікті шақырасыз. Ұшақ стюардессасы мен шинкансэн жолсерігінің функциялық айырмашылығы көп емес. Суперпойыздың жолсерік қыздары жұмыс басталмас бұрын 87 пункт бойынша тексеруден өтеді екен. Оның ішіне бет-әлпет пен үнемі күлімсіреуді ұмытпау принципі де кіреді.

Басқа пойыздармен салыстырғанда шинкансэннің станция аралық қашықтығы үлкен. Машинистке түсер салмақ та жеңіл емес. Шинкансэн жүргізушісі көлік орнынан қозғалған сәттен бастап межелі жеріне жеткенге дейін қашықтық пен уақытты ой елегінен өткізіп отырады екен.

Қауіпсіздік, ыңғайлылық, жылдамдық, дәлдік принциптерін негізге алып жасалған жапон шинкансэнінің іші де ұлттық ерекшелікті танытады. Кюсю шинкансэн жүйесіндегі жаңадан жасалған № 800 сериялы «Цубамэ» (қарлығаш) көлігіне кіргенде жапон үйі еске түседі. Шинкансэннің маңдайындағы қос жанар (шам) қарлығаштың көзі болса, сәл төмендеу орналасқан екі қызыл сызық құстың ұшқандағы ізін бейнелейді. Шинкансэннің үсті, қарлығаштың төбесінен аумайды. Осы қарлығаш бейнесіндегі суперпойыздың ішкі жабдығы Кюсю аймағындағы материалдардан жасалған. Орындық нишидзин-ори кездемесімен қапталған. Кюсюдің бұл кездемесі үш түсті — рокушйо (қою жасыл), рури (жасыл), кодайуруши (күрең) өрнектермен бедерленген.  Бұл осы өңірдегі кездеме тоқу өнерінің ерекшелігін танытады. Орындық та Кюсю ағашынан жасалған.

Жапон мамандары табиғи таза материалдар психологиялық, физикалық тұрғыдан пайдалы деп білген. «Цубамэнің» салон жақтаулары, вагонаралық есік пен едені толығымен алтын фольгамен қапталған. Сондай-ақ ішкі жабдықтар үрүши деген ағаштан алынатын жапон лагымен боялған. Осындай шинкансэнмен Шин-Осакадан Кагошимачюоуға дейін 3 сағат 45 минутта (бұрын 5 сағат 2 минут болатын), Хакатадан Кагошимачюоуға 1 сағат 19 минутта (бұрын 2 сағат 12 минут болатын) жетеді.

Жаңа жүрдек пойыз экологиялық талаптарға сай, энергия үнемдеуде ұтымды. № 700 сериясымен шыққан Нодзоми (мұрат) көлігі 270 км/с жылдамдықпен жүреді. Ал Батысындағы Хакатаға 300 км/с жылдамдықпен қатынайды. Бұл пойыздың алдыңғы вагоны ұшақ конструкциясы негізінде жасалған. Барлық шинкансэндер сияқты бұл пойыздың  да вагондарының арасы толығымен жабылған. Бұл дыбыс тудырмау және желдің күшіне төтеп беру үшін қажет. Токайдо - Шинкансэн желісімен күніне 300 электр пойыз жүреді. 1964 жылғы шинкансэндер аз радиусты бұрылыстарға арналған еді. № 700 сериялы жаңа үлгідегі қондырғы жылдамдық ұлғайтуға мүмкіндік берді. Энергия 19 пайызға үнемделіп, уақыт анағұрлым қысқартылды. Осы үлгідегі «Нодзоми» — жапон технологиясының жетістігі болып табылады. Салоннның жайлылығы өте жоғары деңгейде. Бұнда әр жолаушы үшін зарядтайтын тетік, желісіз интернет жұмыс істейді.

Шарафат Жылқыбаева, жапонтанушы

“The Qazaq Times”