АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында террорлық шабуыл жасаған Өзбекстан азаматы болуы мүмкін – деп хабарлайды ВВС ақпарат қызметі.

Қазан айының 31-і күні Нью-Йорк қаласының Манхэттен ауданында белгісіз азамат жүк көлігімен жаяу жүргіншілер жолағына шығып кеткен. Салдарынан 8 адам көз жұмып, 11 адам жарақат алған. Көз жұмғандар арасында АҚШ азаматтарынан бөлек, Бельгия және Аргентина азаматтары бар. Бұл жайында Америкадағы Бельгия елшісі Дидье Рейндерс пен Аргентина СІМ мәлімдеме таратқан.

Фото: Reuters

Аталмыш оқиғадан кейін, америкалық БАҚ өкілдері "Манхэттанда лаңкестік шабуыл жасаған Өзбекстан азаматы" деген хабар таратқан. Washington Post басылымының мәліметінше, Нью-Йорк қаласында террорлық шабуыл жасаған 29 жастағы Өзбекстан азаматы Сейфулло Саипов. Ол бұндай қадамға «Ислам мемлекеті» ұйымының нұсқауы бойынша барған. Бірақ Саиповтың жақын танысы Кобылжон Маткаров NBC телеарнасы берген сұхбатында: «Саиповтың террорлық шабуыл жасауы мүмкін емес. Ол АҚШ-ты жанындай жақсы көретін. Ол лаңкес емес» - деген.

“The Qazaq Times”