Испания билігі тарапынан айып тағылып, бас бостандығына қауіп төнген Каталонияның бұрынғы басшысы Карлес Пуджемонт Бельгия астанасы Брюссельде жүргені туралы хабар тарады. Осы аптада Каталония билігін өз қолына алған Испанияның басқарушы өкілдері референдум ұйымдастыруға қатысы бар басшыларды түгел қызметінен босатып, жаңадан сайлау өткізетінін жариялады. 

Өзіне қарсы тағылған айыптардан бас сауғалап, Брюссельге келген Карлес Пуджемонт ары қарай барлық жолдарды қарастырып көретінін жеткізді. Оның қорғаушысы дәл қазір Карлес Пуджемонтқа қарсы нақты дәлелденген айып болмағандықтан, оның ел шекарасынан тыс жерде қалуға құқығы бар екенін айтты.

Испанияның Бас Прокуроры Хосе Мануэль Маза халықты Каталонияның бұрынғы басшыларын халықтың арасында жаппай бейберекетсіздік орнатып, қазынаның қаржысын орынсыз жұмсағаны үшін айыптауға шақырды. Егер Пудджемонтқа тағылған айыптар Соттың қолдауына ие болса, ол 30 жылға түрмеге жабылуы мүмкін.

Бельгияның миграция жөніндегі министрі Тео Франкен Каталонияда қудалауға ұшыраған министрлер Брюссельден саяси баспана алуға өтініш бере алатындығын жариялады. Ол Пуджемонт бастаған топтың Испанияда әділ Сотқа қол жеткізетініне сенбейді.

Қазір Каталонияда қызметінен босатылған басшылардың саны - 150-ге жуық. Жаңа Президент сайлауы 21 желтоқсанға белгіленді. Карлес Пуджемонт бастаған министрлер кабинеті олардың лауазымын тек Каталония халқы ғана тартып ала алатындығын жеткізді.

“The Qazaq Times”